Жалпы, «Ауыз су» бағдарламасы біздің облыста дау-шардың өзегіне айналып отырған жайы бар. Өткен жолы ғой, Талас ауданындағы «тартысты» тәптіштеп тұрып жазғанбыз. Ақкөл ауылының ауыз су мәселесін жіліктеп шағып, басылым бетінде жергілікті биліктің кінәсін баттита көрсеттік те. Содан нендей нәтиже шықты? Сол кездегі аудан әкімдігінің құрылыс бөлімінің бастығы Нұрбеков мырза жобалық сметалық құжат бойынша бөлінген қаражаттың жетпей қалғанын айтып, қосымша қаражат қайта бөлінгенде ғана Ақкөл ауылының тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деген. Сол кезде мемлекеттен қайта-қайта қаржы сұрауды машық еткен таластық шенеуніктерге таңдана қарағанбыз. Жұмыс барысы үш кезеңді қамтитындай бұл өзі ауыз су құрылысы ма, әлді стратегиялық бағдарлама ма деп. Таластықтар таңдай қақтырудан танбайды екен. Бұл жолы біз Ақкөлге алаңдамай, Үшаралдағы «батлға» сия малғанды жөн деп ұйғардық…
Жамбыл облыстық прокуратурасы Талас ауданының жергілікті атқарушы органдарының қызметінде 2002 – 2010 жылдардың салалық «ауыз су» бағдарламасын жүзеге асыру заңдылығын тексерді. Тексеру нәтижесі бағдарламаны жүзеге асыру үшін бөлінген мемлекеттік қаражат сомасының тиімді пайдаланылмағанын көрсетті. 8 елді мекенде 684 млн. теңгеге су-құбыр қорап нысандары салынғанымен, шындығында ауыз сумен тек Тамды ауылы ғана қамтамасыз етілген. 518 млн. теңгеге салынған қалған 7 нысан әр түрлі себептермен, оның ішінде қуат көзімен қамтамасыз етуші ұйымдар алдында жиналған қарызы салдарынан тоқтап тұрған. Үшарал ауылындағы сумен қамту нысаны бойынша 15 млн. теңгеге залал келтірілгені анықталып, ол жайт бойынша прокуратура қылмыстық іс қозғады.
Байқайсыз ба, 15 млн. қаражат әлдекімнің қалтасын қампайтқан секілді. Кімнің деп ойлайсыз, құрметті оқырман? Тізгінді тағы да фактіге берейік…
28.04. 2008 жылы Талас аудандық әкімдігінің құрылыс бөлімі мемлекеттік сатып алу негізінде конкурс жеңімпазы атанған «Компания Нурбах» ЖШС-мен Үшарал ауылындағы ұзындығы 12 км, 46 метрді құрайтын сумен жабдықтау нысандарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін құны 147 млн. 740 мың теңгеге келісімшарт жасаған.
Келісімшарт пен орындалған жұмыс туралы №2 формалы актіге сәйкес (Нұрбеков пен Фазилов қол қойған), әкімдік серіктестіктің шотына барлық қаражатты аударып, мемлекеттік қабылдау комиссиясының 30.10.2009 жылғы актісі негізінде аталған нысан ешқандай ескертусіз пайдалануға қабылданған.
Алайда прокурорлық тексеру барысында мердігер тарапынан 16 млн. 750 мың 923 теңгенің жұмысы орындалмағаны анықталып, 10.12.2010 жылы аталған жайт бойынша облыстық прокуратура қызметкерлері «Компания Нурбах» ЖШС-нің директоры Б. Фазиловқа қатысты ҚР ҚК 177-б. 3-б. «б» тармағымен, сондай-ақ, орындалған жұмысты қабылдаған Талас ауданы әкімдігі құрылыс бөлімінің бастығы Б. Нұрбековке қатысты ҚР ҚК 307-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары аяқталды. Алдын ала тергеу кезінде залалдың 8 млн. 51 мың теңгесі қазынаға қайтарылды.
Соңғы жылдары Талас ауданы аймағындағы «Ауыз су» құрылысының өрті тіптен өршіп, журналистер тарапынан осы мәселені тыңғылықты тексеру жөнінде ұсыныстар облыстық прокуратураның алқа отырысында айтылып та жүрді. Тексеру қорытындысы жоғарыдағыдай нәтижені беріп отыр. Сонда дейміз-ау, ресми құжаттарға қарасақ, Үшаралдағы жұмыс 2008 жылы бастау алған көрінеді. Сол жылдан бергі уақытта Үшаралдан бөлек жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге нендей мәселелер кері әсер етті? Бұған аудан тізгінін ұстаған азаматтар не дер екен? Барлық шаруа мен кілтипан атаулы тек қана мемлекеттік қызметкердің орынтағында отырған Нұрбеков пен «Компания Нурбах» ЖШС-нің бастығы Фазиловта ғана ма? ӘлдеP.S. Ауыз су мәселесі ешқашан өзінің маңыздылығын жойған емес. Қай жерде гүлдің шоғыры көп болса, араның сол маңайға үйір болатыны секілді, қай жерде май шелпек болса, сол маңайға «халявщиктің де» үйірсек болатынын көзімізбен көріп, жарғақ құлағымызбен естіп жүрген жайымыз бар. 15 «лимон» кімнің қалтасын қампайтса да, сол шенеунік жазасын ала жатар…
Жалпы тәтті су мәселесі жыл сайын ащы шуға ұласып, соңы дау-дамайға дейін барып жататыны белгілі. Талас ауданының тізгінін жаңадан ұстаған Айтқазы Қарабалаевты жұрттың қаралағанын естімеппіз. Әйткенмен «мешкей» деген жақсы ат емес» деген бар. Ендігі жерде тұщы су мәселесінің ащы шуға ұласпауы Қарабалаевтың азаматтығына сын.

Табиғат АБАИЛДАЕВ
Advertisements