Жалпы еліміз еңсе тіктегелі бері билік басындағы азаматтар еліміздің негізгі «визит картасы» саналатын ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсетуден аянып қалған емес. Өйткені ауыл – алтын бесігіміз.
Иә, агросекторды қаржылай қолдаудың түрлі механизмі де жүйелі түрде жұмыс жасап жатыр. Екінші деңгейдегі банктер арқылы несие беру, субсидия беру, лизингке техника беру… т.б. Бірақ…

Иә, бірақ деп аузымыздағы сөзімізге шашалып қалдық қой. Енді соныбастан аяқ баян етейік. Біздің облыста да ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында «Қазагроқаржы» ұлттық холдингінің өкілдері «білек сыбанып» жұмыс істеп жатыр. Бас ғимараты Астанада болған соң ба, әлде облыстағы өкілдерінің қолынан түк келе бермейтін болған соң ба,ол жағын қайдам, әйтеуір, өңірдегі өкілдіктің қызметкері «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» айналасында жұмыс жасап жатыр деген сөзді құлақ құрғыр шалып қалатынды шығарды… Тіпті базбіреулер «лизингке техника алудың оңтүстіктік нұсқасы» деп те айтып қалып жүрді бір кездері… Ел айтып, жыр ғып жүрген соң біз де бұл мәселеге бас «қатырып» көрдік…

Қадірбек ҚҰЛБАРАҚОВ, Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Құлбарақ» шаруа қожалығының төрағасы:

Елбасы ауылшаруашылығын қолдау мақсатында түрлі шараларды қолға алуды атқарушы билік өкілдеріне шегелеп тапсырудан танған емес. Алайда, Президент жасап жатқан қамқорлық әлдекімдердің кереғар тірлігінің салдарынан көбінде шаруагерлерге қол бола бермейді… Мәселен, лизингке техника алу мәселесі. Енді соған тоқталайық. Мәселен, «Қазагроқаржы» ұлттық холдингі арқылы лизингке техника берілетіні мәлім. Бірақ сол техника атаулыны кез-келген адам ала бермейді және ала да алмайтын сияқты. Оның да өз түйткілдері бар. Біріншіден, кепілдікке қойылатын мүлікті әбден тексеруден өткізеді. Бірден «болады, болмайды» деп нақты әрі кесімді сөзді айта салмайды. Екіншіден техника алған күннің өзінде алғашқы жарна ретінде 20 пайыздық қаржысын төлеуіңіз керек. Сонда қарап көріңіз, 5 миллион теңгеге лизингке техника алсаңыз, алғашқы жарна ретінде 1 миллион теңгені шытырлатып тұрып санап беруге мүдделісің. Бұған кез келген шаруашылықтың әлеуеті жете бере ме? Тіпті, жағдайым дұрыстау деген шаруа қожалық басшыларының өзі мұндай тәуекелге бара бермеуі мүмкін. Бүгінде шаруа қожалық басшылары ірілендіру саясатын мықтап қолдап, «бірлескен істе береке болатынын» түйсініп, іріленіп жатыр. Мұның өзі ауыл шаруашылығының серпінді түрде дамуының кепілі болса керек. Ал ауылдардағы ауыл шаруашылық техникаларының тым қатты көнеріп, тозғанын бағамдасақ, бүгінде сол техникалық паркті жаңарту керектігі айтпаса да түсінікті. Осыны ескеріп, «Қазогроқаржының» басшылары лизингке техника берудің оңтайлы тәсілдерін де табар деп үміттенеміз.

Әрине лизингке техника алу деген оңай шаруа емес. Кепілдікке қоятын мүлкіңіздің құны да неғұрлым жоғары болуы шарт. Дейтұрғанмен «Қазагроқаржының» облыстағы өкілдеріне базына айтатын шаруашылық басшылары да жоқ емес. Мәселен, Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Қарақыстақ» шаруа қожалығының жетекшісі Қыстақ Дәулетов мырза қайбір күні облыстық әкімдікте ұлттық холдингтің облыстағы өкілдігінің басшысын сын тезіне алғаны есімізде. Ақсақалдың сондағы таққан міні мынаған саяды. «Лизингке техника алам деп екі ай бойы құжаттарын әзірледім. Әрі-бері шапқылағанға да әжептеуір қаржы кетеді. Сонда деймін, «шаруаң тынады, тынбайды» деген бір ауыз сөзді айтуға мұнда отырғандар еріне ме? Мен соны түсінбедім. Содан кейін бұл холдингтің облыстағы филиалының басшысының өзінде құзірет жоқ деп айтуға болады. Олар әрбір майда-шүйдесіне дейін Астанадағы басшылығына хабарлап, солардың бұйрығын күтіп отырады. Бұл әрине, жұмыстың баяу жүруіне әкеп соғады. Қалай болғанда да осыған назар аударған ләзім. Қолдарынан түк келмесе, бұлар мұнда «жасанды қуыршақ» құсап неге отыр? Едәуір әлектен кейін лизингке техника алудың бүйткен әуресі құрысын деп, өз қаржыма сатып алдым әлгі техниканы».

«Айта айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, бұл мәселенің шеті шыққанына да біраз уақыттың жүзі болды. Халық айтса, қалт айтпайды дегенге сүйеніп, «Қазагроқаржы» ұлттық холдингінің облыстық филиалының басшысына хабарласып мән жайын білмек болдық. Сөйтсек бұл холдингке жаңадан басшы болып, Қайрат Мақаев деген азамат тағайындалыпты. Ол: «менің бұл орынтаққа отырғаныма аз ғана уақыт болды. Егер шаруа қожалық басшылары тарапынан қандай да бір түсініспеушілік болып жатса, келіп жолығуларына болады. Бәрін жілітеп түсіндіріп береміз. Ал, басқа мәселелеррге әзірге жауап бере алмаймын. Өйткені қызметке жаңадан келдім» дейді.

P.S. Қалай десек те, лизингке техника алу мәселесінің күнгейінен көлеңкелі жағы басым секілді. Мұны бір бүгін естіп отырған жоқпыз. Елбасы бастап, үкімет қолдап, ауылшаруашылығын дамытудың түрлі механизмдерін қолға алып жатқан тұста, ұлттық холдингтің басшалары да өз істеріне самарқау қарамаудың жолдарын табар. Қайткен күнде де өткеннен сабақ алып, жұмысты жаңаша жүргізудің жолын холдингтегілер қарастыра жатар…

Advertisements