Роман Абрамович есімін есіткенде футбол фанаттарының есіне лондондық «Челси» футбол клубы түссе, біреулердің ойына Чукотканың қалтасы қалың губернаторы оралары сөзсіз. Ендігі бір азаматтар «құпия адам» туралы дым білмеуі де мүмкін. Олар үшін «синьор» Рома – шешілмейтін жұмбақ адам. Бірақ, біз үшін Романның ешқандай адам білмейтін жұмбақ қырлары жоқ.

Роман Абрамович 1966 жылдың 24 қазанында Саратов қаласында қарапайым отбасында дүние есігін ашты. Ол жетімдіктің мехнатын құйттай кезінен-ақ сезінді. Анасы Рома бір жарым жасқа келгенде көз жұмса, әкесі ұлы төрт жасқа енді толған кезде мәңгілік сапарға аттанды. Сөйтіп ол бала кезінен ақ ананың аялы алақанын, әкенің мейірімін көрмеді. Бірақ, ол жетімдіктің жендетті тырнағына да ілінген жоқ. Әке-шешесінің қайғылы қазасынан кейін әкесінің ағасының қолында оқу оқып, білім алған Абрамович бала кезінен-ақ алғыр, тіл алғыш, бір айтқанды екі етпейтін пысық болған көрінеді. Мектепті тамамдаған соң зерек ойлы Роман бірнеше ай Ухтадағы индустрия институтында білім нәрімен сусындап, кеңес үкіметінің тұсында әскерде қатардағы жауынгер болып, борышын өтейді. Аз-маз «хулигандығы» бар болғанына қарамастан, ілім-білімнің артына «шырақ» алып түскен ол Мәскеу қаласындағы Мәскеу мемлекеттік заңгерлер академиясында қалаған мамандығына оқуға түсіп, заңгер мамандығын да алған көрінеді.

Иә, туған-туыстарының қолында өскен Роман Абрамович алғаш еңбек жолын кәдімгі құрылыс бөлімінде механик болып-ақ бастады, өзі ісіне берік болды, асып-таспады, ризығын босқа шашпады. Манетадан мани жасап машықтанған Рома 1992-95 жылдар аралығында бес бірдей фирманың іргетасын қалады. «Супертехнология – Шишмарев», «АОЗТ Элита», «АОЗТ Петролтранс», «АОЗТ ГИД», «НПР» секілді атауға ие болған фирмалардан өндірілген өнімдер экспортқа шығып, жас бизнесменнің қалтасын қампайтты. Иә, сауда бар жерде күмән мен бүліктің қатар жүретіні де мәлім. Мәселен, 1992 жылдың 19 маусымында Роман Абрамовичке құқық қорғау органдары: «Ухтадағы мұнай өңдеу зауытынан 55 вагон дизель майын қымқырды» деген айып тағып, ел экономикасына 4 млн. рубльге жуық залал келтіргені туралы қылмыстық із қозғалып, ресми ақпарат көздері арқылы бұл ақпарат төрткүлдүниеге тарады. Бірақ, қозғалған қылмыстық іс жәй ғана іс күйінде қалып, кейіннен нәтижесіз, үн-түнсіз тарих қойнауына енді де кетті. Сонда қалай? Абрамович сүттен ақ, судан таза болғаны ма, әлде оның осындай даулы істен оп-оңай құтылып кетуінің өзіндік сыры бар ма?  Сіз қарапайым отбасынан түлеп ұшқан Абрамович қас пен көздің арасындай уақытта бәлендей іс тындырып, саяси элитаның саңлағы атанатындай дәрежеге жете алды деп ойлайсыз ба? Әй, қайдам. Қанша жерден шүмектеп тер төксе де, аз ғана уақыт ішінде миллиардтаған доллардың қожасы бола қалу кім-кімнің болса да қолынан келе қоймасы анық. Демек, Абрамович басқа құпия жолдарды да аса меңгерген деген жұрттың күдігінде де негіз бар деген сөз. Ал оның айылын жиғызатын құқық қорғау органдарының қызметкерлері емес, бәлкім олар оның бармақ басты, көз қысты дейтініне не дейсіз? Оған дәлел бір емес, бірнеше мәрте олигарх мырзаға қатысты нақты кампроматтар назарға ұсынылғанымен, кейіннен бәрі жылы жабыла салыпты. Оны ресми билік қолдап-қуаттап отыр деп сырттан тон пішейін десең, кезінде Путиннің өзі Абрамовичке алакөзденіп, Тұманды Альбионға қарай «шығарып салғаны» ойға оралады. Бірақ, Путин де ақымақ емес қой, егер Абрамовичтің абыройы Ресейдегі саясат сахнасында құлдырап кеткен болса оны да ашып айтып, әлгіні «репрессияға» ұшыратары сөзсіз еді. Сан күмән. Әлде оның бәрі Роман Абрамовичтің қылмыстық топтармен етене жұмыс жасағанынан дейтіндеріне сая ма? Ресей билігіне қарсы оның қандай компроматтары бар, оның «шатыры»  кім, кез-келген губернатор футбол клубының акциялық пакеттерін қомақты қаражатқа сатып алып, шет елде тайраңдап футбол көріп жүрмес еді-ау, деген ойға жетелейді. Ол 1999 жылы гос-думаның депутаты да болды. Оның жақсы қырлары осы тұста көрініп те қалды. Саяси ұпай жинауды мақсат етті ме, әлде елге берген уәдесі кенет есіне сап етіп түсе кетті ме, ол жағы бізге беймәлім. Бір анығы сол – ол 2002 жылы өзінің жеке есеп-шотынан Чукотка халқының жағдайын жақсартуға арнайы 24 миллион доллар қаржы бөлді. Өстіп Атымтай Жомарттық та танытып, өзін жаңа бір қырынан танытып, жаңа иммидж қалыптастыруға кірісті. Оның Чукоткіге губернтор болуының сыры неде деген сауал да көкейде атой салады. Чукотск – алтынға да, мұнайға да бай аймақ. Түгін тартсаң майы шығатын осындай өлкеге басшы болып келу кім-кімге болмасын абырой, бедел. Экономикалық тұрғыдан да. Абрамовичтің бизнестегі әріптестерімен бірлесе тіркеген «Millhose capitall» компаниясы арқылы ол Ресейдегі бірден-бір беделді мұнай компанияларының бірі «Сибнефттің» 80 пайызына билік етеді. Сондай-ақ, орыс алюминиінің ордасы саналатын «РусАл» компаниясының 26 пайыздық акциясы да осы Абрамовичтің иелігінде көрінеді. Байқап бажайлағанға Роман Абрамович жәй адам емес, оның бизнестегі серіктестері Александр Мамут, Андрей Мельниченко, Александр Абрамов, Искандир Махмудов екенін айтсақ, ар жағын өзіңіз бағамдай берерсіз…

 

Advertisements