Негізі Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданының «қолы» ұзын. Бір елдің астанасы – Бішкек тиіп тұрғандықтан ба, мұндағы халық нарыққа, жаңалыққа толы экономикалық жағдайға тез бейімделгіш. Оның үстіне Қордай облыстағы ең халқы көп, әрі ауылдары тығыз орналасқан аудан. Жамбыл облысы қырғыздармен қойы қоралас, ауылы аралас жатқандықтан, Қордай — айыр қалпақты ағайындарға қараған еліміздің үлкен терезесі, қақпасы іспеттес. Ендеше шекара асып келген шоң қонақ осы кенттің келбетіне қарап-ақ бүкіл Қазақстанның жағдайына баға бере салатыны анық. Осыны түсінген болуы керек, аудан әкімі Ілияс Тортаев соңғы кездері Қордайдың тазалығын мықтап қолға алды. Адамның көзі ең алдымен әдемі дүниеге түседі ғой, қазіргі аудан орталығынан бір тәртіптің, үлкен мәдениеттің иісі сезіледі.

Жалпы Ілияс Тортаев талға, көк жасыл желекке құмар. Осы ауданға келгенге дейін төрт жыл Тараздың тақ иесі болып, облыс орталығының нағыз «тазалықшысына» айналған-ды. Осы жылдары жасыл Тараз тіптен жасара түсті. Таңғы сағат жетіде жиналыс өткізіп, жұмыс дегенде жанын салатын Тортаевтың қыстың ортасында бір орынбасарын тракторға отырғызып қойып, түнімен қар күреткізген жанкештілігін ел аңыз қып айтып жүр. 2008 жылы І.Тортаев Таразды жап-жасыл қалаға айналдыру мақсатында 81 млн. 102 мың теңге, 2009 жылы 98 млн. 300 мың теңге бөліпті. Бұл қаржыларға қалада мыңдаған тал-дарақ, гүл егіліп, тұңғыш Президент атындағы саябақ тіптен көркейіп қалды. Ең бастысы қала таза болды. Қордайдың қақ ортасындағы Орталық саябақ пен Емен саябағына бұрын адам кіруге қорқатын. Екі саябаққа да аудандық бюджеттен 30 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, ерте көктемде жөндеу жұмыстары басталған-ды. Қазір, Құдайға шүкір, бұл бақтарда адам қарасы көп. Әдемі аллея, әдемі гүлзар, орындықтар… «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген, әрине талға құмар Тортаев Қордайдың даласын ну орман, шекарасын биік қорған етемін деген ниеті құптарлық. Бірақ, бүгінгі заманда талмен бірге мал да керек…
Тортаевтан кейін Тараздың тізгінін алған Ертарғын Астаев алғашында абдырап қалғандай күй кешкенімен, 11 жыл әкімнің орынбасары болған үлкен тәжірибесі бар емес пе, артынша-ақ игі бастамаларды жалғастырып әкетті. Бір қызығы, баратын жеріне сәл де болса ертерек жетейін дейді ме, қала әкімі кезінде Е. Астаев көбінесе қызметтік көлігінің алдыңғы орындығына отыратын. Бұл бәлкім, Астаевтың «Ассалаумағалейкүм, ағайын» деп, елмен тез қауышып, жиірек араласуға құштар қасиетін білдіретін шығар. Қалай айтсақта Ертарғын Кәкімбекұлының осы ерекше қасиетінің пайдасы тиді. Кешке қарай көлік жүргізушісінің қасында жан-жағына көз салып бара жатқан қала әкімі Мамыр саябағынан темір шарбақтарды жымқырып бара жатқан ұрыларды байқап қалып, дереу полицияға хабар беріп, олар жеткенше ұрылардың бірін өз қолымен ұстап, жолын бөгепгені барлық ақпарат құралдары жарыса жазды. Бұл әрине, қала әкімінің мемлекеттің әрбір затына, әрбір дүниесіне жанашырлықпен, ыждағаттылықпен қарайтынын байқатса керек.
Өткен жазда Тараз қаласының құшағы гүлге толып кетті. Қала басшылығы елімізге гүл өсірумен аты шыққан «Жасұлан» фирмасымен келісіп, Тараздың орталық көшелерінің шетін гүлмен көмкеріп тастады. Сосын осы көк жасылдың арасынан арқырап, құлын-тайы тебіскен жылқы үйірінің, топ-топ болып жайылған қойдың, қазақтың төрт түлігінің макеттері қойылды. Жасыратыны жоқ, ел алғашында «Қаланың қақ ортасында жайылып жүрген бұл неғылған мал, қаншалықты жарасымды?» деп күмәнданғандары рас. Төрт түлік мал – байлықты, тоқтықты, барлықты білдіреді. Бұл әрине, тараздықтардың қазаны оттан түспесін, азаматы аттан түспесін деген ниеттен туындағаны анық. Алайда Астаев ойға алған істерін жүзеге асырып үлгерместен Жамбыл ауданына ауысып кетті де, соңғы кездері жым-жырт жатып алды. Өмір бойы қаланың тірлігін дөңгелетіп келген Ертарғын Кәкімбекұлы даланың тірлігіне әлі бой үйрете алмай жатқан секілді. Бәлкім, бұл макеттердің ғұмыры ұзақ болмас, бірақ, қала келбетіндегі осындай өзгерістер шынында қала экономикасында бір өзгерістердің болып жатқанын анық байқатады. Қалаға бұрын-соңды атын естіп білмеген инвесторлар келіп жатыр, «Бәйтерек» мөлтекауданы күннен-күнге бой түзеп келеді, әлемге әйгілі болған жүн түту фабрикасының жұмысы қайтадан жанданды, үш облысқа ортақ қан орталығы салынып жатыр, аула клубтары, үлкен медірессе ашылды. Қыс бой Қаратаудың қарын күреп, қаланың ішкі тірлігіне шыңдалып өскен Бекболат Орынбеков алдымен Сарысу ауданына, одан Тараз қаласына әкім болып келгенде ел «бұл қайдан келіп қалды?» деп аң-таң болғандары жасырын емес. Алайда Орынбеков те оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Әрине, Тараз Қаратау мен Жаңатас емес, бұл облыс орталығы, келген қонақтар Тараздың көркіне қарап-ақ Әулие ата өңірінің әл-ауқатын бағамдай салуы мүмкін. Сондықтан Тараз әкімінің алдында таудай биік талап, міндет тұр. Онымен Орынбеков қалай айналысар екен? «Тотаевтан тал, Астаевтан мал» қалғанын айтып жүрген әулиеаталықтар енді уақтысы келгенде Орынбековтен не қалды екен дер? Бекболат мырзаға енді осымен басты ауыртатын кез келген секілді. Айтпақшы орталықтағы базарды қала шетіне көшіру мәселесі қолға алынып, сосын биыл қалаішілік жолдарды жөндеу мақсатында бүйірі томпақ бюджеттен қомақты қаражат қарастырылды. Кім білсін осы шуаруаларды шашау шығармай атқарса, шаһарлықтар Орынбековтен жол қалды дер…
Табиғат АБАИЛДАЕВ, Тараз қаласы.
Сіз не дейсіз?
Қуаныш ОРЫНБАСАРҰЛЫ, қала тұрғыны:
Қандай əкім болса да, халықтың игілігіне жұмыс жасауы керек секілді. Рас, Тортаев қаланы көгеріштендіру жұмыстарынабел шеше кірісті. Ал, Ертарғын Астаев, шаһарға жаңадан келген əкім Бекболат Орынбековтың жұмысынан əзірге бейхабармын.
Нұрхат МҰСЫЛМАНҚҰЛ, қала тұрғыны:
Рас болса, Тортаев сонау шығыстағы Жапония мемлекетінен «Сакура» деген тал алып келген көрінеді. Бірақ ол тал-дарақтар Тараз топырағын жатсынып, көктемепті. Меніңше, Тортаев қаланың тізгінін ұстап тұрған шақта кəсіпкерлік саласына баса назар аудармаған сыңайлы. Қазір қала тізгінін қолға алған Бекболат Орынбековтың ол істің оңтайын табар-таппасын уақыт деген төреші көрсете жатар. Алайда Орынбековтің таң қылаң бергеннен тұрып, санитарлық талапқа сай келмейтін базарды аралап жүргенін көріп, сүйсініп қалдым. Ең бастысы, бұрынғының сөзін, ыңғайына қарай бұрмалап айтсақ, «ерте тұрған əкімнің бір ісі артық екенін» білетін сыңайлы.
Эльвира ЖАҚЫПБЕКОВА, қала тұрғыны:
Қай əкімнің тұсында қандай тірліктер атқарылып жатқанын қайдам, мен өзім білетін мына мəселені айтқым келеді. «Бəйтерек» мөлтекауданынан салынып жатқан «Атакент» базарына автобус атаулы қатынамайды. Ол жаққа жүретін №37 бағыттағы автобустың өзі базар маңын маңайламайды да. Қаланың жаңа басшысы осыны ескерсе екен дейміз. Өйткені базар болғаннан кейін сол сауда-саттық орнына қатынаушылар
да көп болады.
Ерсін ҚАЛЫБАЕВА, қала тұрғыны:
Ілгеріде облыстық газет беттерінде Мақалада көрсетілген қаланың Ж. Қамбаров, Козлов, Смоленская, Крылов, Комратов, Қалаур Əкім көшелеріне қалаішілік маршурттар əлі де қатынаған жоқ.
Мұнда №20 мектеп, №40 мектеп-лицей, №6 кəсіптік лицей, облыс əкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты қарттар жəне мүгедектер үйі секілді бірқатар маңызды нысандар орналасқанын айтсақ, біздің аймаққа қалаішілік маршруттар қатынауы тиіс екені өздігінен түсінікті бола түсері анық. Осы мəселе əлі күнге шешімін таппағаны тараздық əкімдердің мəнді мəселеге жүрдім- бардым қарайтынын дəлелдейтіндей. Жаңа əкім осы мəселемен түпкілікті айналысып, қорытынды шығарса дейміз.

Advertisements