Бұл өзі бір Блокқа құмартып, соның өлеңдерін өлердей ғашық болып оқып жүргендегі жазба еді. Шағын ғана жазба, титтей ғана ой ғой, оқи отырыңыз, қатем болса, ғафу етерсіз, бала кезімде жазғам…

Өлең – өмір. Иә, жауһар жыр әлеміне өзіне ғана тән даңғыл жол салғысы келген кез-келген ақын үшін поэзия патшалығы – өмірінің мәні. Әлбетте қазақ әдебиетін алып қарасақ та, әлем әдебиетін алып қарасақ та классик ақындардың шын ақын екендігін айқындайтын жеке тақырыбы болады. Бір ақындар философиялық ой арқылы қоғамның кемшілігін, биліктің осал тұсын ащы жырына арқау етсе, енді біреулері ен даланың кескін-келбетін кереметтей суреттеп, қалам ұшына тұнған жырын ақ қағаздың бетінде өрнектейді. Ал, әлем әдебиеті классиктерінің басым көпшілігінің бас тақырыбы – махаббат лирикасы. Рас, тұла бойыңды тал шыбықтай тербететін, тылсымға толы, жүрек шіркіннің қылын шерткен осы бір нәзік сезім талайлардың ойын – ойран, ақылын – айран қылды. Олай болатын да жөні бар, өйткені махаббат – майдан.

Ресей әдебиетінің күміс ғасырында дүниеге келген әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Александр Блоктың шығармашылығының да ауқымы кең. Әрбір туындысын жан жүрегімен жазып, тіпті, пессимистік ойда өрбуге тиісті өлеңінің өзін оптимистік көзқараспен бастап, сол нотада аяқтауы оның тұлғалық болмысын биіктете түседі. Айталық «Өлім туралы» деген тақырыптағы өлеңі:

«Мен қалада қаңғырып көп жүремін,

Өлімді де көп көрдім бұл өмірде.

Қайғырмайды сонда да өр жүрегім

Өлімді ойлап жасымас жігерім де.

Бәйге алаңын мен бірде араладым,

Аспан ашық. Алтын күн нұр төгеді.

Қорған іші көктемнің салады әнін,

Дала жасыл майсаны бүркенеді» деп басталады. Байқадыңыз ба, көптеген ақындар өлім туралы өлеңдерді өндірте жазды бірақ, басым көпшілігінің қалам тербеген туындылары пессимистік сарынды көз алдыңызға елестетер еді. Блоктың айырмашылығы да, тәсілі де сол, өлім туралы жаза отырып, дала көрінісін яғни, әдеби тілде айтсақ пейзажды да сол өлеңінде әдемі етіп бере білуі. Оқып отырып ойға қаласың. Содан соң қай мезгілде, қай сәтте, қандай мотивпен жазғаны жөнінде өзіңше ой түйесің. Оның басқа ақындардан артықшылығы да осында екенін лажсыз мойындайсың.

Александр Блоктың махаббат тақырыбындағы туындылары да жүректі жаулап алады. Тіпті, естігеннің ет жүрегін елжіретіп, тыңдағанды тамсандыратын ерекше дүниелер. Батыстық модернизация үлгісінде қалам тербеген оның тілі бай, ойдан-ой туындату шеберлігі басым.

Мәселен, тақырыбы «Құмда» деп аталатын өлеңін алып көрелікші:

«Махаббатқа жоқ менің шектелерім,

Өткен емес, жастығым текке менің.

«Сен мендіксің», «сүйемін», «жаным» деген

Бос сөздерді бірақ мен жек көремін» деп басталған өлеңнің орта тұсында құм жағалауы да өрелі ойлармен суреттеліп, махаббат пен табиғат лирикасы қатар яғни, паралель арқылы беріліп отырады. Тап осы өлеңге Александр Блок былай деп нүкте қойыпты:

«Жатып алып ойлаймын»: «Бүгін түнде

өзің ғана қажетсің жас жаныма.

Қашан оны тағы аңдай ұстағанша

Бұл арадан кетпеймін! Қашқанына

өкіндірем».

Осылай мен күттім кеп,

(түн самалы жанымды сергітті үрлеп)

«Сен мендіксің, сүйіктім» – демеймін мен

Ол ғана айтсын: «Сендікпін, сендікпін!» деп.

Әрине бұл өлең жолдарынан махаббаттың бір жақты емес, екі тараптан да адал болуын қалайтындығын ақын жүрегі тамаша етіп жеткізе білгендігі өлеңнің астарына үңіле оқыған жанға әдемі суретпен көрініп тұр. Сан алуан тақырыпқа қалам тербеп, әр қилы ойды бір арнаға тоғыстырып жаза білу- кез келген ақынның қолынан келе бермесі анық. Ал, Блоктың бақыты және оның шығармашылығының биік тұсы  – тілінің қарапайымдылығы, ойды әдемі өре білетіндігі болса керек…

Advertisements