Теннистен үлкен дулығалы жарыстардың төресі саналатын Роллан Гаррос минуттар жылжып, секундтар сырғыған сайын өзінің шарықтау шегіне таяп келеді. Ерлер арасында осы уақытқа дейін Париж корттарын шаңдатқан кіл мықтылар жартылай финалға да шығып үлгерді.

Бүгін жартылай финалдық бәсекеде әйгілі Пит Сампрастың рекордын бұзған, әлемнің үшінші ракеткасы үлкен дулығалы жарыстардың каролі швейцариялық Роджер Федерер мен ағымдағы жылғы бәсекелі додаларда 43 матч бойы жеңілістің қарасын көрмеген әйгілі серб Новак Джокович өзара кім мықтыны анықтайды. Биыл Новак Роджермен үш мәрте кездесіп, даңқты швейцариялықтың мысын басқан болатын. Иә, серб теннисшісі өз бабында, алдынан келгенді аямай соғып жүрген оның ендігі арманы – Роллан гарростың тәжін жеңіп алу. Әрине ол үшін Джоковичке Федерерді қақпанға түсіріп, финалдағы қарсыласының да екі аяғын бір етікке тығуға тура келеді. Ал финалға кім шығуы мүмкін?

Финалға… Финалға осы жарыстың 5 дүркін жеңімпазы өзін қайрағанда «Банус, Банус» деп «аттандайтын» әлемнің бірінші ракеткасы испандық Рафаэль Надалдің шығуы кәдік. Қысқасы, Роллан Гаррос енді қызып келеді. Егер, Новак финалға жолдама ала қалса, ол әлемнің бірінші ракеткасы атанады. Сондай-ақ, Новактың осы доданы жеңіп алатын мүмкіндігі де орасан зор. Өйткені ол осы жылы топырақты алаңның қожайыны Рафаэль Надальді де бірнеше мәрте жанарымен жер шұқуға мәжбүрледі. Бірақ Рафа да намысты жігіт қой. Қалай ойлайсыз? Бұл турнирді Роджер, Новак, Рафаэль үшеуінің қайсысы жеңуі мүмкін?

Advertisements