Осы біз бала кезімізді танауымыз пысылдап, баданадай көзімізді бағжаң бағжаң еткізіп ауылдағы сәкіде отырып алып: «Ана мәшине менікі, мына мәшине менікі, мен гонщик, боламын, космонавт боламын» деп қиялдап отырушы едік. Әрине, бал күндерде бай да болғымыз келетін. Болам деп те айтатынбыз. Біздікі құры қиял екен ғой. қазір сол еске түссе, айхай лимон, пай-пай лимон дейтін болдық. Құй күліңіз, құй жылаңыз, ауылдың баласы болған соң бар шынымды жайып салып отырмын. Біз сөйтіп қиялдайтынбыз тек қана қиял!!!Ал, Ильхамның баласы ондай емес, оның екі аяғы аспаннан салбырап түскендей ме, қалай өзі?

Иә, оның есімі – Гейдар, әкесінің аты – Ильхам. Кәдімгі Ильхам Әлиев. Бүгінгінің мультимиллионері осы бала. Әзірбайжанның президентінің төл перзенті. Құныққаннан дәніккен жаман екенін біле тұра, баласының басын айналдырып, БАӘ астанасы Дубай маңындағы жасанды аралдардың маңынан тоғыз бірдей вилла сатып әперіпті Ильхам қасқа. Қаншаға дейсіз ғой? 44 миллион долларға. Жемқорлықпен жайланған Азербайжандағы экономикалық ахуал қалт-құлт күй кешіп тұрғанда «адал азаматтың» иммиджін қалыптастыруды мақсат еткен Ильхам Әлиев мұнша қаржыны қайдан таба қойды екен, а? Оның үстіне Ильхам Әлиевтің барлық байлығы мен шайлығы 11 миллион долларды ғана құрайды. Сонда қалған 33 миллион долларды Ильхам мырза қайдан тапты? Бұған оппозиция да жауап таппай әлек.

Ал, әлгі виллалардың барлығы Гейдар Әлиевке тиесілі екенін БАӘ-нің ресми органдары мойындап та отыр. Қалған қаржыны Гейдар мен әкесі қайдан тапты деген сауалға әлгілердің мұнайды кофедей сіміріп, қалғанын сыртқа экспортқа шығарып, содан түскен қаржы арқылы осындай оңай олжаға кезіккені зағипқа таяқ ұстатқандай мәлім. Бұл бер жағы көрінеді. Мемлекеттің қазынасы  арқылы қарнын қампайтқан Әлиевтер отбасы (біздегі емес) жалпы құны 75 миллион долларды құрайтын жылжымайтын мүліктерге де ие-мыс. Мұны шетелдік бірқатар тәуелсіз басылымдар гәу еткізіп жазып та жіберіпті.

Ал мен, машина мінгім келеді әлі. Вилла керек емес, «Сороковка» болса жетеді деп қиялдап қояйыншы, ха-ха-ха…

Advertisements