Өлең – өңінде, рекңінде өмір болғанда ғана өлең болады. Мен тараздық досым, жас ақын Мәулен Жаппасбайдың осы өлеңіне өлердей ғашықпын. Мәулен өзі біртоға, салмақты жігіт, өлеңінде де салмақтылық, үлкен адамға тән көзқарас байқалады. Досым болған соң Мәуленнен еш рұқсат сұрамастан осы өлеңін блогыма салып, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдім, оқыңыз, жас ақынның, жалынды ақынның өлеңіне пікір қалдырыңыз.

Бөлмеде шешем мен екеуміз,

Күзгі өмір терезе ар жағы.

Екеуміз қалаға бөтенбіз,

Тірліктің соңында қалғаны.

 

Көшеде дымқыл сыз, қараша,

Жуынған үйлер тұр маңдайы.

Мөп-мөлдір моншақтар балауса,

Терезе бетінде аунайды.

 

Әйнекке аунаған мың тамшы,

Шешемнің көз жасы секілді.

Бейкүнә, тамшылар, тыңдашы,

Жаныммен жұбатам мен кімді.

 

Шешем бе? Бағынан соры артық,

…жо-жоқ  ол жыласа күледі.

Тағдырға тым ерте тоналып,

Шоқ тиген бармақтай жүрегі.

 

Әкемнің бақыты басқа жан,

Бақытсыз шешеме қараймын.

Үміті көзінен қашпаған,

Жесірлік, шешемді аяймын.

 

…Күзгі өмір терезе ар жағы,

Бергісі тыныштық кешегі.

Мұң қалды ап-ауыр салмағы,

Армандар, алдама шешемді.

 

Advertisements