«Шин корпорейшн» және Чинават

Солтүстік Тайландтың бір түкпірінде қытай-тай отбасында дүние есігін ашқан Чинават өздігінен көкезуленіп, босқа көпіруді һәм дандайсуды білмейтұғын. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далағаны» санасына мықтап түйген ол ішкі істер органдарында подполковник шеніне дейін көтеріліп, құқық саласы бойынша докторлық диссертация қорғады. Пагон таққан полицейлердің «қорасынан «қашып құтылған» соң ол жеке кәсіпкерлікпен шұғыл түрде айналысуға белді бекем буды.

Әр қадамын жеті мәрте өлшеп, бір мәрте нық басып машықтанған әккі Чинаваттың бірден байланыс саласына қол сұғуын жеке мотивациясының, амбициясының, экономикалық тұрғыдан ойлау қабілетінің жүйріктігінен деп ұққайсыз. Ол шынында да әккі болатын және бизнес саласындағы әрбір ісін тереңінен ойлап барып, нақты нәтижеге қол жеткізу жолында барлық нәрсені құрбанға шалуға сақадай сай дайын тұратын, қазіргінің «қасқа» тілімен айтқанда «башкатый» болатұғын. Қушық шекелі, қуақы өңді, тапал бойлы Чинават «Бәленің бәрі бәкенеден» шығатынын тай елінің «тәуірмін» деген «тентектеріне», шіренген шенеуніктеріне тайға таңба басқандай етіп дәлелдей білді. Ол сексенінші жылдардың өзінде қарны қампайған шенеуніктер мен екі аяғы екі жаққа талтайған олигархтардың ермегіне айналған ұялы телефонның құнын төмендетіп, әлгі қалтафоныңызды бүкіл халыққа қол жетімді бағамен нарыққа шығара алды. Ол осы өнікті тірлігімен көпшіліктің жүрегіне жол тауып, өзінің бизнес саласындағы иммиджін қалыптастырды. 1992 жылы бірнеше маңызды келіссөздерді бүге-шігесіне дейін зерттеп-зерделеген болашақ шенеунік Чинават көзді тарс жұмып, 25 жылдық келісім-шартқа қолды қойып кеп жіберді. Өзіне «слишком» сенімді болған ол ілкімді ісінің алғашқы жемісін көп ұзамай-ақ көріп, 10 жылға дейін мобильдік байланыстан түскен қаржының пайдасын көрудей-ақ көрді. Шын сөйлейтін Чинаваттың қойын-қонышы мен нәски-пәскиіне тыққан қаражатын есепке алмаған «Форбес» журналы оны бүкіл әлемнің «Мен!» деген миллиардерлерінің тізіміне он сегізінші нөмірмен тіркеді. Сол уақытта «Шин корпорейшн» деген компания құрған Чинават сол компаниясы арқылы мобильдік байланысты одан әрмен дамытты. Соның арқасында «Атың шықпаса, жер өрте» деп «шерменде» күйге түскен «шерлі» Чинават талай жылдар бойы бизнесте бағы жанбай жүрген «жүгермектердің» жүйкесіне ши жүгіртіп, қызғаныш атты қызыл ит «сезімдерін» тудырып, тұңғыш рет ғарыш айлағына байланыс спутнигін ұшырды. Бұл «Шин корпорейшннің» тізгінін ұстаған Чинаваттың бизнес саласындағы алғашқы жеңісі болатын.

Саяси элитадағы сенсация

«Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп талайларға тауқыметтің «тұщы» дәмін «татқызып», жеке кәсіпкерлігімен зау биіктерге ұмтылған Чинаватты кәнігі тіс қаққан шенеуніктер мен саяси элитаның отымен кіріп, күлімен шығып жүрген «тәуір талтаңбайлар» алғашында шыбын құрлы көрмеді. Өздерімен өздері әлек болып жүрген әлгілер бәсі жоғары бизнесменнің бәтуалы тірлігіне бас ауыртып қайтсін? Оның үстіне 90-жылдардың екінші жартысының орта шенінде дауыл дабылды дағдарыс күрек тісті Азияңызды былай қойғанда, азулы Американың өзін қос бүйірден қыспаққа алып, өкпесін қысып, экономикадағы атмосфералық ауан талайларды тұралатьп тұрған кез-тұғын. Әсіресе, Тайландтағы экономикалық прогресс түп-тұқиянымен «кризис» атаулы жұттың «Марианадай» терең шұңғымасына шолп етіп түсіп, жергілікті жамағат нокдаунды былай қойғанда, нокаутқа түсіп жатқанда саяси элитаға қадамын нық басып, Чинаваттай сабаздың ентелей келуі де кәдімгідей сенсация болатын. Оның үстіне дағдарыстан дағдарып қалған ел экономикасының еңсесін тіктеуге халықаралық валюталық қордың да шама-шарқы жетпей, дүйім жұртты дүрліктірген дағдарыстың екпінін басуға қасқа тіс Чинаваттың қаз-қаз басып келуі заңдылық та еді.

Иә, сөйтіп, тай халқы шымшықтай шырылдап, ұлардай шулап жатқан тұста ұлтшылдық бағытқа баса зейін қойған «Тхаи Рак Тхаи» демократиялық партиясы үкімет тізгінін қолға алды. Партияның негізін қалаушы да, жетекші де үндемей жүріп, үйдей бәле шығаратын жолдас Таксин Чинават болатын. Чинават басқарған партия парламенттегі орындардың басым көпшілігіне ие болып, нәтижесінде Чинават премьер-министр тағына топ етіп жайғаса қалды. Саяси элитаға аса сақтықпен келген оның ойы да, ойыны да осы тұстан старт алып, басталып кетті.

«Мен премьер боп жүргенде…»

Мемлекет үшін күн тәртібіндегі басты мәселе – масадай қанды сорған «кризис» атты пәлекеттен қалай да құтылу болатын. Судай жаңа премьердің келгеніне тай халқы той жасамаса да, кәдімгідей мәре-сәре күйге  түсті. «Іскер басшы келді деп, елдің әлеуметтік жағдайын түзейтін, халықты ұшпаққа шығармаса да, есеңгіреген экономиканы аяғынан тік тұрғызатын, макроэкономика мен микроэкономиканың даму қарқынын үдететін, елге тың серпін әкелетін атпал азамат билік тізгінін қолға ұстады деп, бұқара халық бөркін аспанға атып қуанды.

Чинават шынында да халықтың сенімінен шығу үшін аянбай тер төкті, талмай еңбектенді. Оған дәлел сол кездердің өзінде тай елі 500 мыңға жуық автокөлікті экспортқа шығарды. Бұл дағдарыс кезінде белең алған тай экономикасында пайда бола бастаған голланд тұмауына қарсы салынған «вакцина» бәлкім антибағдарлама.Зейнетақы, әлеуметтік бағдарламалар мен жәрдемақылар төңірегінде де біраз реформа жасады. Мұның бәрі тұрғын халыққа майдай жақты, сөйтіп Чинават елдің көңілін тапты. Қалай алып қарасақ та, саяси ойында сауысқандай сақ жүретін Чинават түптің түбінде өзінің осал тұстарын да байқатып, сыр алдырып қойды. Өзінің «менімен» елге аты мәшҺүр бола бастаған премьер жақын күндері экс-премьерлердің қатарын толықтыратынын білген де жоқ-ау, шамасы. Иә, алғашында қызметін қалтқысыз атқарған Чинават кейін «болдым, толдым» деген болуы керек, әйтеуір жергілікті халықтың тарапынан анти-патияға ұшырады. «Ол мемлекетпен өзінің компаниясы секілді ойнауға кірісті» деген әңгіменің де әр жерден оттығы тұтанып, нәтижесінде Чинават тығырыққа тірелді. Бертін келе ол билікте жүрген кезіндегі әңгімесін: «Мен премьер боп жүргенде…» деп өткен шақта сағына, қамыға еске алуға мәжбүр болды.

Чинаватты орға жыққан кімдер?

Иә, Чинават премьер болып тұрғанда «сары көйлектілер» қозғалысы күш алып, монархиялық билікті күшейтуге барынша күш салған оған наразылықтарын ашық білдірді. Әсіресе әсіре патриотшыл «сары көйлектілердің» жер жаһанды дүрліктірген жарнамасы 2006 жылы ерекше қарқын алды. Диктаторлықтан әбден зәрезап болған саяси құрылымдар бір қолдың саласындай бірігіп, «Кедейлік кеңесі» деген атпен Чинаватқа қарсы шықты. Екі жақтың жақтастары Бангкок көшелерінде шерулер өткізіп, арты қанды қақтығысқа ұласа жаздады. Сол жылдың он тоғызыншы қыркүйегінде ашынған әскерилер корольдік алаңға танкімен кіріп, әскери наразылық білдірді. Бұл көтеріліс тарихқа «Езу төңкерісі» деген атпен енді. Әскери күш өздері айтқандай жыл бойы жоғары билікті ашса алақандарында, жұмса жұдырықтарында ұстады.

Алайда алғашқы қайта құруда, яғни, 2007 жылы болған сайлауда Чинаваттың жақтастары қайтадан жеңіске жетті. Осы тұста «сары көйлектілер» қозғалысы қайта қарқын алып, орталық алаңға шеруге шықты, оларға қарсы Чинаваттың жақтастарынан құрылған «қызыл көйлектілер де» қарымта қайтару үшін ереуілге шығып, «сары көйлектілердің» екпінін басуға тырысты. Бірақ одан түк өнбеді. «Сары көйлектілер» қозғалысы үкімет үйін қоршап алып, халықаралық «Суваннапхум» аэропортын жаулап алды. Сол маңдағы туристік центрге де едәуір зардап келтірді. Сөйтіп, Чиннават үкіметіне қарсы екенін жариялы түрде білдірген олар авторитарлы жүйені қолдаған биліктің отставкаға кетуін талап етті. Үш мәрте билік тізгінін қолға алған чиноваттық билік осылай «сары көйлектілердің» тегеурінділігінің арқасында тарих беттеріне хатталды.

P.S. Билік тізгінін қолына ұстап тұрған кезде Таксин Чинават өз өкілеттілігін асыра пайдаланды деген айыппен кінәлі ретінде тіркеліп, оның есеп-шотындағы жеке активтерінің 60 пайызы жоғарғы  соттың шешімімен тәркіленді. Иә, бар кезінде белден басып машықтанған Таксин Чинават тиісті жазасын алды. Тек бұл бар кезінде батып ішіп, кейін жегені желкесінен шығып жүрген өзге «жаужүрек» жоқ, «баһадүр» саясаткерлерге сабақ болса жөн-ау. Әйтпесе, дүниені ысырапсыз пайдаланып жүрген саяси элитаның сабаздары райларынан қайтар емес. Тек олар экс-шенеунік Чинаваттың «феноменінен» үлгі алса, нұр үстіне нұр болар еді.                            

Advertisements