Маралтай Райымбекұлы хақында қоғам болған соң әр алуан пікір жүреді. Біздің бір білетініміз, ол өте мықты ақын. Оның өлеңдері талайды рухтандырады.Шынын айту керек, адамды көріп білмей жатып, ту сыртынан ғайбат айтатындар бар, біздіңше олай етпеген ләзім. Әрине, көп болған соң пікір де алуан болады. Осы орайда әріптесім, Данияр Әлімқұлдың Маралтайдың монологы атты өлеңін назарларыңызға ұсынып отырмын, ендігі сөз сіздерде, құрметті оқырман қауым…

Шабытым шала еркелей келіп,

Жатырқап ЖАРЫҚ жанардың мұңын,

Түнекке ессіз ентелей еніп,

Қара түн саған қамалдым бүгін.

Мүңкіген мынау саясат исі,

Санама сарып сідігін сары.

Желінін жырдың аясаң иші,

Мүжиін мұңның жілігін кәрі.

Тәңірдің құшып тізесін құлай,

Түн сені тілеп алғаным бақыт.

Әзірше сені күзетем ұдай,

Көрсетер деймін қалғанын уақыт.

Ғарыштан тайып ғасылдың рухы,

Ғасырға мына аттадым жаңа

Ғазал ғып өрдім Жасынның ілкі

Ғайыптан түскен шатпағын ғана

Сүлкінін сипап сәуленің лағыл,

Сұлбасын сүйдім тумаған жырдың.

Алласы алса тілегін қабыл

Тірлікте мына тулағандардың

өтер ем сонда өмірге  лайық:

Өкпемді үнсіз кеудеме көміп.

Күндізгі ойым: көңілде ғайып

Тірілді түнде беу, неге өніп?

Көңілдің кезіп көшесін лайлы,

Миымды мына мекендеп тегін.

Жүректің жайлап бөлмесін қайғы,

Өмірді өлең екен деп келдім.

Жағымпаз жырды жазамын жиі,

Қоғамға қиын расында ұнау.

Қабыл ал мені қазағым игі –

Ғазал боп келдім ғасырға мынау!

Advertisements