Кеше мен –
У іштім –
Сен су ішкен кесемен.
Өлмедім, өнбедім –
Үкімін шығарды пешенем.
Оң заряд емеспін,
Керімін –
Талайлы тағдырдан жерідім.
Сүлдерім сүйретіліп жүргенмен –
Жеті қат жер асты серігім.
Жүректі тырнайды, ұлиды –
Арлан емес, бір қаншық –
Бөрі мұң.
Қыздырып қызғаныш отының –
Көрігін.
Тірі боп жүргенмен –
Өлімін.
Сенсең сен –
Теңізбін толқыны жағада теңселген.
Теңіздің ғұмыры –
Қос қарашығыңдағы –
Тамшымен өлшенген.
Қинадың –
Сондықтан жұмбақпын, химиямын –
Бір жүз төрт элемент топтасып,
Жарылғыш заттарды жинапты –
Толтырып шикілеу – мендегі миға мұң.
Жанымды уран жеп,
Тасындым, теріме сыймадым.
…Әруақ кейпінде жүрсем де –
Мен сені ешкімге қимадым.
Өтінем әлі де кеш емес,
Құш мені –
Құлшынып, сүй жаным!

Advertisements