Зу-ылдап құлады жұлдыздар,

Жер-ана үстінен көр қазып.

Денемнен сылынып сүйектер

Менде ұштым ғаламға тым өзге:

Сөзіммен тұрманы ерттелген,

Жыл бұрын құрлыққа серт бергем:

«Көлеңкем соңымнан ерсін деп,

Шашылған сүйекті көрсін деп,

Жүректен бөлініп, сүйегі мерт болған

Бейбақтың мәйітін –

Шалтаудың басына көмсін деп…

Қолынан келсе егер адамдар

Мен құсап жүрексіз өлсін деп»

Ауа тар, кеңістік жолында келемін –

Ұшып мен,

Қара Жер Құрбаны бітімі бөлектеу –

Тек  еттен жаралған –

Түсік пе ем…

Мен жердің ауасын жұтқанмен –

Жұмағын бокалға толтырып ішіп пе ем…

… ай тұсы аялдап…

Тұрғанда маңдайым нұрланып,

Сәулесі сөнген тым сәл ғана ұшқынмен-

Ақ  Шолпан қарайды Ұрланып.

Ұшқынын көргенмен жарықтың –

Түнекке тығылып алыппын…

Түнекке рең беріп күліп күн,

Тұтатты шылымын үміттің.

Осы сәт… тек түнде…

Көк жүзін шарлайтын.

Білгіштер –

Телескоппен барлайтын.

Андромеда жиекте жарқ етті –

Болбырақ боз сұлбам болбырап –

Жанарым жалт етті.

…пенделік болмыспен қымсынбай –

Өзгеше ӨЛІМГЕ құлшынбай –

«Адамды емес еш –

Өзіңді сүйем» деп сыбырлап –

Тіл қаттым.

Темірдей тот басқан –

Жүректің бүлкілін тыңдаттым…

… тұрпаты өзгеріп тіпті «оның» –

Жауабы қатқылдау шықты оның:

«Сөздерің сілкіді жүректі мендегі –

Бойымды бөлек күй баурады, меңдеді –

Бірақ та, ғафу ет, сүймеймін,

Сүйексіз, тірейтін тиексіз пендені!»

… жыладым сол кезде-

Көзімнің маңайын шық басып,

…естуім бойынша –

Сүйегім алыпты жер құшқан  –

Кометамен жұптасып…

Advertisements