Бүгінде біздің ел «үкілі үміт» етіп, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасына үлкен сенім жүгін артып отыр. Бұл бағдарламаның мақсаты – тәй-тәй басып келе жатқан бизнес сектордың қадамын қарыштату, елдегі жұмыссыздардың санын азайту, кәсіптен нәсіп іздеп, шаруасын жаңа бастаған кәсіп иелерін арзан несиемен қамтамасыз ету, отандық кәсіпорындардың жоқ-жітігіне қолдау көрсету, тағысын тағылар…

Бір сөзбен айтқанда, аталмыш бағдарлама 2020 жылға дейін қазақ бизнесінің көсегесін көгертіп, жұмыссыздықты жүгендеп, тәуелсіз Қазақстандағы отандық өндіріс орындарының жұмысының жандануына даңғыл жол ашпақ. Міне, бар жақсысын бойына жиған бұл бағдарламаның орындалу қарқынын бүгінде Үкімет, атқарушы билік, Мәжіліс және Сенат депутаттары кірпік қақпай қадағалауда.

Иә, әншейінде, Үкіметтен қолдау жоқ деген сөзді айта қалғанда танауымыз пысылдап, аузымыздағы сөзімізден жалын ататыны бар. Ал, Үкімет жағдай жасады. Ендігі нәтиже қайда? Қайбір күні Мәжіліс депутаты Құттықожа Ыдырысов «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысты өзіндік базынасын жайып салды.

– Өткен жылы «Бизнестің жол картасы –  2020» бағдарламасына бөлінген 13,8 млрд. теңгенің тек 47,1 пайызы ғана игерілген. Аталған бағдарлама аясында берілген несиенің 50 пайызын мемлекет субсидиялауы керек. Қазіргі уақытта бұл қаражат 100 пайыз аударылғанымен, жергілікті атқарушы органдар оны өз деңгейінде игермей отыр. Бөлінген қаржының игерілгені – 6,6 миллиард теңге. Ал екі бағдарлама бойынша бөлінген қаржы 13,8 млрд. теңге болатын. Сонда бірінші бағыт бойынша – бөлінген 9 млрд. теңгенің 39,1 пайызы, ал екінші бағыт бойынша 4,8 млрд. теңгенің 65 пайызы ғана игерілген, – деген еді халық қалаулысы ашына сөйлеп.

Жалпылама алғанда, аталмыш бағдарлама бойынша алдымен жаңа жұмыс орындарын енді аша бастаған иммунитеті «әлсіз» кәсіпорындарға қолдау көрсету керек болса, бұдан кейін шетке дайын тауар ұсына алатын кәсіпорындарды қаржыландыру мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ең алдымен жеңілдетілген пайыздық үстемемен несие берілуі керек. Мәселен, бұл жөнінде бағдарламада «кәсіпкер екінші деңгейлі банктерден 14 пайызға несие алатын болса, соның 7 пайызын Үкімет төлейді» делінген. Бағдарламаның осы бөлімі турасында отандық сарапшылар: «Бұл қаржы дағдарысында қалжырап қалған кейбір кәсіпорындардың ісіне демеу болары анық. Себебі банктердің үстеме ақылары әлі де жоғары.Сондай-ақ қаржы орталықтарының кәсіпкерлерден берген қаражатынан бірнеше есе қымбат кепілдік мүлік сұрайтыны тағы бар. Қаржылай көмек көрсетілген соң, істі дөңгелетіп әкету – кәсіпкердің өз қолында. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асса, әрине, ең алдымен аймақтардың экономикалық ахуалы жақсарып, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылары хақ», – деседі.

Расында бұл бағдарламаның өңірлерге тигізер шарапаты да мол. Айталық шағын және орта бизнесінің адымын арттыра алмай жүрген әулиеаталық жамағатқа да оң пайдасы болар еді. Бірақ… айталық, осы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында өткен жылы облысымызға 900 миллионның үстінде қаражат қарастырылған болса, оның 11 пайызы ғана игерілгенінен сіз хабардар да боларсыз. Тым төмен көрсеткіш. Тіпті республикалық көрсеткіштің төрттен біріне де жетпейді.

Ақыры бастадық, енді «дәлше» жылжиық. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аяқ алысы облысымызда өгізаяңға түсті деп өткен жылы ашына жазғанымыздан түк те қорытынды шықпаған сияқты. Өткенде тәртіптік кеңестің отырысында прокуратураның арнайы өкілі ағымдағы жылы сол бағдарламаның шеңберінде қарастырылған 3 млрд. теңгеден астам қаражаттың әлі күнге көк тиынының игерілмегенін айтып қалды. Құдай-ау, сонда қалай? Бізде кәсібінің тасын өрге домалатқысы келіп жүрген кәсіпкерлер аз ба? Әрине аз емес. Мұны облыс әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Ерік Дүкенбаев білмейді емес, біледі. Бірақ жолдас Дүкенбаев өткен жылғы «минустан» лайықты нәтиже шағарса, биыл біз мұндай келеңсіздіктің куәгері болмас та едік.

Шынтуайтына келгенде, Дүкенбаевты да түсінуге болар. Осы шаруаның тасын өрге домалату үшін ол жергілікті банктермен біте қайнасып жұмыс істеуі керек те шығар. Өйткені өңірдегі банк өкілдері қабағын шыта қалса, бұл бағдарламаның аяғына тұсау салынатыны бесенеден белгілі. Бірақ… Иә, бірақ деп қайта-қайта аузымыздағы сөзімізге шашалып қала бердік қой…

Әсілінде, біздің басшыларға сылтау іздемеген ләзім секілді. Мысалы, банктермен «жолымыз түйіспеді» деген сияқты алуан сылтауды біздің Дүкенбаев мырза күні ертең Үкіметтің алдында айта алмайды. Ол үшін облыс басшылығына жауап беруге тура келеді. Сонда басқарма басшысы үшін тұтастай бір облыс «ескерту» алуы керек пе?

 

P.S. Қалай десек те, бизнес пен банктің арасында текетірестің бар екені рас. Бірақ, мұндай оспадарлыққа қарап отырып, Үкіметтен бөлінген қаражатты игермеуге еш негіз де жоқ. Мана айтып қалдық қой, облысымызда осы бағдарлама аясында бөлінген қаражат өткен жылы да мардымды игерілмеді, биыл да «жылжымайтын мүліктің» кейпін кешіп, бір орнында міз бақпай тұр. Енді республикада сең қозғалғанда, біздіңше сіз де қозғалуыңыз керек сияқты, Дүкенбаев мырза.  Сіз бұған қалай қарайсыз? Әлде бағдарлама аясында бөлінген қаражат әлі де «ұйқыдағы ару» құсап, миллиард қалпында қала бере ме? Қалай болған күнде де «судың да сұрау бар» екенін ұмытпаңыз, құрметті басқарма басшылығы…

Advertisements