Аяғыңызды оңға бассаңыз да, солға бассаңыз да, қиыс жолда да, күре жолда да жол ережелерін қатаң сақтауды талап ететін жиектегі белгілердің бар екенін бәріңіз білесіз. Әсілінде жолда жүрудің ережесін бәріміз сақтауымыз керек, сақтаймыз да, қолдан келгенше. Бірақ, осы жүргізушілерді жол қауіпсіздігін сақтауға шақыратын белгілер дұрыс тұр ма, бұрыс тұр ма?

Ашығын айтқанда бұл мәселе ешкімді алаңдатпайтын сияқты. Күре жолдың бойындағы ылдидағы белгілерді айтпағанда, қала ішінде де талдың көлеңкесіне тығылып, орнында тәлтіректеп тұра алмай жығылып қалған «знактар» жетіп артылады екен. Мысалы, сіз мына суреттен көріп отырған жаяу жүргіншілерге арналған жиектегі белгі өз салмағын өзі «көтере алмай» «талып» түсіпті. Бір қызығы бұл белгіні жол полициясы да, басқа да осы салаға жауапты мекемелер «көрмей» жүр, бәлкім, байқамаған сыңай танытып жүрген сияқты. Иә, бұл Сухэ батыр көшесіндегі №9 мектептің маңындағы жол қауіпсіздігін сақтау белгілері.

Инфрақұрылымы дамыған мемлекеттерде жолда жүру ережелері қатаң қадағада болады. Олар қауіпсіздік белгілерінің тәлтіректеп тұруына жол бермейді де. Ал бізде ше? Шынын айту керек біздің қоғамда қоясы ішке төгілген қоғамдық пікір бар. Ол пікір біздің жол полициямыздың өкілдері тығылып тұрып «балық» «аулайды» дегенге саяды. Мүмкін біздің жол полициясы тығылып емес, жоғарыдағы суреттегіндей қалқада тұрған «знактың» саясында саялап «жорыққа» шығатын шығар…

Қалай болғанда да бұл қоғамның, адамның көзқарасы, ащы да болса, ашық айтқан пікірі. Енді сол қоғамның қауіпсіздігіне алаңдайтын жол полициясы мен Тараз қалалық әкімшіліктің қызметкерлері мынандай келеңсіздікке қалай ғана жол бере қойды екен?

 


Advertisements