Поэзия – екінің бірінің, еті тірінің басына қона бермейтін құс секілді. Алматыдан алыста жүріп-ақ сөзбен сурет салып жүрген құландық Қуандық Шолақты көп адам біле бермес. Осы уақытқа дейін төрт-бес жинағы жарық көрген қаламгерді жазушылар одағы да мойындап үлгерді. Тіпті «Қазақтың Шолоховы» десті. Иә, шынында да Қуандықтың өлеңдерінде қауқар мол, оқыңыз, өкінбейсіз!

Қабарып түсіп кеткен қыр қабағы

Үстемдік етпесе де ызғар әлі,

Қарқылдап қарға біткен жүз қаралы.

Үйінен өлік шыққан жан секілді,

Қабарып түсіп кеткен қыр қабағы.

Боларын бір өзегіріс көл ұғына,

Жәутеңдеп жата кеткен бел ығына.

Жадау бақ жабыққандай мұңаяды,

Желегін тонатып ап жел – ұрыға.

Қырандай болмаса да қылыш қанат,

Бұлтты шың балағынан тұр ұстап ап.

Қойтастар қоңырайып бір-біріне,

Өзара танытады қырыс қабақ.

Жартастар иықтасқан үш інгендей,

Негізі бір екенін түсінгендей.

Болса да,

шеткерісі шікірейіп,

Шатақтай шалқалап тұр ішін бермей.

Боз тұман шарадағы жұғындай боп,

Құз таста таутеке тұр шыбындай боп.

Шалқалап шатқал жатыр алып та зор,

Сөгіліп кеткен қылыш қынындай боп.

Жүрегіме

Ұя боп барша арманға, барша мұңға,

(Аршыңдап аяқтастар дер шағымда).

Жүрегім, мұхит үсті қона алмаған,

Қанаты талған құстай шаршадың ба?

Қуантар желді күнгі шырақ кімді?!

Бар кейде қуырарың тым апшымды.

Кейде әлсіз соғуыңнан сескенемін,

Жазықта жылап аққан бұлақ сынды.

Берсем деп жүргенімде жыр қарымды,

Кім ұтар шошайтқаннан бір қабірді?

Шаншымай,

түйілмей де,

ойнақтамай,

Әзірге бұза көрме ырғағыңды.

Әлі де қазылмаған тереңім бар,

Әлі де жазылмаған өлеңім бар.

Әлі де шыға алмаған биігім бар,

Әлі де ұрпағыма берерім бар.

Асықпа, асықтырма қуантардай,

Әлі де ел-жұртыма керегім бар.

Қабағы ашылмастай бұла ақынның,

Басына тұрғызбағың сұрапыл күн.

Жүрегім,

ең болмаса сексен деген,

Сеңгірді алғанымша тұра тұрғың.

Көктемгі күн шыққанда

Күн шығысты қызыл күн шие еткелі.

Өртенгендей бұлттардың жиектері,

Қасқырлардай қанды езу,

қарсы жатқан,

Қыраттардың қызарған иектері.

Қара түнді табанға бүктеді де,

Бірте-бірте еңсесін тіктеді іле.

Жайнаң қағып жарқырап шыға келді,

Күмілжіген аспанның тік төріне.

Жел көтерген ден қоймай дабырға шын,

Сарғыш нұрмен сипалап адыр басын.

Санай берді біртіндеп,

айдын деген,

Ала тайдың ырсиған қабырғасын.

Қара бұрым тарқатар пойыз да ақпай,

Қапты бүгін қамыстар байыз таппай.

Тербелгенде,

қоғалар ұлпалары,

Ұшады қайызғақтай.

Жалбыр бұлттар кедейдің киіміндей,

Жатаған қыр жетімнің иініндей.

Қысыр бұлттар қашады,

сары айғырдан,

Суси қашқан қысырақ үйіріндей.

Көңілінің қашанда құлқы жарық,

Бүршіктерде тілімен түртіп анық.

Қызғылт жаққан бояуын жап-жарық күн,

Өз қолымен барады сүртіп алып.

Қараша тұр қақайып

Ақ тон киген Алатау иықты асқақ,

Міз бақпайды,

тоңғандай суықбас бақ.

Қараша тұр қақайып артқа қарай,

Қазан деген інісін қуып тастап.

Сергек, қунақ сезілмей шаршағаны,

Қыстың қамы, жөндеуде шал шананы.

Қорым тастардай шашырап ши ішінде,

Жайылуда ауылдың барша малы.

Тұмауратқан секілді күз барлығып,

Таудан асып келеді ызғарлы бұлт.

Ұшқыр ұшақ көк төсін тілгіледі,

Жіп-жіңішке көк жіптей із қалдырып.

Сілкіп, қағып көнетоз бар кілемді,

Көрсетуде сыйдан күз зәрлі белгі.

Қарға біткен қарқылдап,

топ-топ болып,

Ауыл үстінен ұшады әрлі-берлі.

Қарақыстақ қастерлім

Үркітердей болып бар аңын,

Ашпай тұр асу қабағын.

Бұлтты шың бейне бүркітші

Сығымдап ұстап тұрғандай,

Қомданған қыран балағын.

Еткендей еркін иелік,

Жақпарда жалғыз жүр елік.

Жартастар жатыр жабығып,

Ұйлығысып ұйықтаған

Үйелмендеріндей бір үйдің,

Бір-біріне сүйеніп.

Тигендей салқын кілт сүлгі,

Тоңазып денем тіксінді.

Аңғарда анау, аунақшып

Өзен жатыр ағарып,

Үстіне түскен көк шөптің,

Ақ суыртпақ жіп сынды.

Құз қабаққа құйтымтай,

Ұя салған құрқылтай.

Жайлау төсі ақ қойлар,

Жайып қойған әжемнің,

Сөредегі құртындай.

Жұпар иісімен желпіген

Сайын,

сергір ел түмен.

Пейіш төрін көргендей,

Саған келсем серпілем.

Қарақыстақ қастерлім,

Сенен ғана табамын,

Жаныма жыр, дертіме ем.

Қарақыстақ – жайлау атауы

Қарахан немесе махаббат мұнарасы

Кезінде көңілінің көгінде күн,

Нұр шашқан, түбі түркі тегім менің.

Хан да өзің,

әулие де өзің сенен асып,

Тұрмақшы жүректердің төрінде кім?!

Көңіліне кіршік, кірбің қонақтатпай,

Самалы сағыныштың санатты апта ай

Тегін жан еместігін,

Айша арудың,

Күтуі күндік жерден тағат таппай.

Түсінде тасып, тулап тым айбарлы,

Өр өзен өткел бермей лайланды…

Артынша Айша жайлы суық хабар,

Сумаңдап дүр дүние шыр айналды.

Өмірдің кеп-кеше еді дәмі балдай,

Тап қазір барады оның мәні қалмай.

Сусыма құм секілді опасы жоқ,

Жалғанды ол жаңа ғана танығандай.

Ибалы,

инабатты,

ізгілікті,

Хан үшін көп болса да қыз қылықты.

Бәрі оның жан-жарының тырнағына,

Татымай, жүрегіне мүз бүрікті.

Мазалап күнара арман,

күнара бұлт,

Көзінің сөнгендей боп шырағы анық.

Бірі кем дүние деген осы-ay, сірә,

Жатты оның ай, күндері жылап ағып.

Тараз

Тамсантқан Тараздағы гүл, бақ қандай?!

Көңіліңді, жүрегіңді жырлатқандай.

Ай қабақ,

алтын кірпік,

құмырсқа бел

Хор қызы маңдайынан күн қаққандай.

Көңілдің кірпігіне нұр жаққандай,

Сананы сәулелердей сымбат қандай?!

Ғасырлар қойнауынан кесенелер,

Күмбездер күмбірлеп күй тыңдатқандай.

Бір шығып, толқындарға бір батқандай,

Саяқсып, серуендеп жүр қапталда Ай.

Салады сандуғаштар мың мақамға,

Үздіккен жүректерге үн қатқандай.

Желпінген желектердің жоқ есебі,

Сырласып, сыбдырласып кеңеседі.

Бесінде көрікті, әсем кең көшеден,

Пейіштің қоңыр салқын лебі еседі.

Тон киіп жапырақтардан неше қабат,

Таласып, кимелесіп өседі абат.

Гүлзарлар көркемдіктің әдібіндей,

Келеді қапталдасып көше аралап.

Қонғандай маңдайына бақ – шағала ақ,

Күлкісі күн шыққандай қақса қабақ.

Көзіме ыстық көрінген бойжеткендей,

Келесің өсіп, өніп апта санап.

Заманның секілді қос батыры анық,

Қос тауың қос иықта отыр алып.

Бұрымы бұлғақтаған ерке Талас,

Көшені керней түсіп жатыр ағып.

Тойыңды құптағандай тың арналы,

Текті елдің тегеурінді қырандары.

Қадірлі қонақтарды қарсы алуға,

Көшеге шыққан сынды Теле бас боп,

Бауыржан,

Жамбыл,

Кенен, Тұрар бәрі.

Қонғандай бір басыңа заман нұры,

Өзгеден қадырың да, бағаң да ірі.

Әлемде сұлу қала көп те шығар,

Бірақ та тең келмейді саған бірі!

Advertisements