Мәдениет – өркениет мәйегі. Әлбетте қоғамдағы мәдени аураның һәм атмосфераның қалыптасуы үшін идеологияның тұяқ серпер пәрмені мықты болуы шарт. Әдетте әлемде мәдени ортаны түзету үшін әсілі, елдегі  мәдени ахуалды позитивті нотаға қарай бұру үшін идеологиялық жұмыстың бірізділігі алғы шепке ойысады. Біздің мемлекетте де мәдениеттің қадамын қарыштату үшін қарымды шаруалар қолға алынып, тіпті, «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында бірқыдыру шаруалардың да түйіні тарқатылды. Әйткенмен, сол баяғы бір кем дүние жоқ емес.

Кезінде жекешелендіру саясатының пәуескесінде «атой салып», тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен мемлекеттік ғимараттардың қатарында мәдениет ошақтары да болды. Бәлкім сол кезде әлдекімге оңай олжа болып, бір қойдың құнына кеткен мәдениет үйлерінің қатарында «Былғары аяқ-киім» ЖШС-нің маңындағы Мәдениет үйі де болған шығар, тәйірі.

Иә, сонау кеңестік Үкіметтен мирас болып қалған бүгінде «бағы да», басқасы да құрдымға түскен сол мәдениет үйі қала сәулетінің реңін қашырып тұрғанын екінің бірі біледі. Не бір халықтың игілігіне пайдаланылмай, не бір ғимарат ретінде жұмыс істемей тұрған «жылжымайтын мүліктің» бүгінгі ахуалы туралы білгіміз келіп, анда бір, мында бір хабарластық. Алдымен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің телефон нөмірін тердік те мән жайды түсіндіріп, барып сөйлесейік деп едік, олар: «Бұл мекеме біздің баланста емес, әлдебір кәсіпкердің иелігінде болуы керек» деп ат-тонын ала қашты. Бұдан кейін құрылысқа жауап береді-ау деген біраз мекеменің «мазасын» кетіріп едік, бастықтары жоқ болып, әйтеуір «ұстатпады». Соңында осылар нақты біледі деген соң қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің телефонының «құлағын бұрадық». Сөйтсек, бұл мекемені басқаратын Бағдат Шәметековті табу мұң болды. Жолығатынымызды ескертейік деп қоңырау шаламыз, не өзі, не «көзі» саналатын орынбасарын таппай, хатшы қыздың мазасын қайта-қайта алдық. Соңында қатынас хат жіберіп тындық. Әйтеуір Шәметеков мырза басқаратын мекеме бет қатталып жатқан кезде созбалаңға салса да, жауапты әкеліп, қолымызға табыстады.Олар берген жауабында: «Хатта көрсетілген ғимараттың қазіргі уақыттағы иесінің аты-жөнін білу туралы сұрақты Тараз қаласы жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығы мекемесінен және аталған нысанның кепілдікте тұрғаны туралы ақпаратты алу үшін «Темір банк» басшылығына хабарласуыңызды ұсынамыз» деп «рекомендация» беріпті. Соңында: «Қаланың бас жоспарының бекітілуіне байланысты аталған аумақ «жастарды эстетикалық тәрбиелеу орталығына» жобаланғанын хабарлаймыз» деп нұкте қойыпты хатқа. Әрине біз кепілдік туралы мәліметті білу үшін тиісті банкке хабарласқанбыз, ол мақала желісінде айтылады да. Жалпы, аумақ «жастарды эстетикалық тәрбиелеу орталығына» айналған күннің өзінде оған тиесілі қаражат бөлінуі керек шығар, оның сыртында біз күдіктенгендей бұл ғимарат кепілдікте болса, оны қалай ғана орталыққа айналдырмақ? Алдымен мемлекеттің балансына алу керек емес пе? Біз осы жайттарды ұқпадық. Бәлкім аты аталған мекеме бізден «жылдам құтылғысы» келіп, орашолақ жауап берген болар…

Әлбетте, 400 мыңға тарта халқы бар нән шаһардың қақ ортасында қаңырап тұрған бұл ғимаратты басқаны қайдам, халық «тошны» көргенімен қалалық әкімдік көрмейтін сияқты ма, қалай өзі? Көрмейді дегеніміз артықтау болатындықтан, көрмеген сыңай танытады дегеніміз дұрыс шығар…

Иә, шаһарымыздың шырайын қашырып тұрған ғимарат туралы аз-кем мәліметіміз бар екенін несіне жасырайық. Өткен жолы жазғанымызда бұл ғимараттың бір кездері «Ақыртас» компаниясының иелігінде болғанын, аталмыш компанияның кейіннен несиелік қарыздарын төлей алмай «Темірбанкке» әлгі ғимаратты кепілдікке бергенін жақсы білетінбіз. Сол бір кезде «Темірбанктің» облысымыздағы филиалы директорының орынбасары Жәнібек Орынбек былай деп еді:

«Бұл ғимарат бүгінгі таңда біздің банкте кепілдікте тұр. Атымызда емес, әрине. Біз кез-келген уақытта соттың ұйғарымы арқылы бұл мекемені қалталы азаматтарға сата аламыз».

Бақсақ бақа екен демекші, әңгіменің ауанын аңдасақ бұл ғимарат ешкімге де керек емес сияқты. Шынын айту керек, қайбір сессияларда галстугін қайқитып қойып, шыр-пыр болып жататын мәслихат депутаттары да бұл ғимараттың тағдырына қызықпай ма? Сессияларда әкімдерді ес жия алмайтындай етіп сұрақтың астына алып «төмпештей» жөнелетін халық қалаулысына да, қаламыздағы бас мемлекеттік саяси қызметкер саналатын қала әкімі мен оның орынбасарларының да әл әзір басын «ауыртпай» тұрған бұл мәселе әйтеуір бір күні біржақты болса дейміз. «Жол картасы» дейміз, басқа дейміз, әйтеуір қомақты қаражат бөлініп жатқан бағдарламаларды ұтымды пайдаланып, осы бір ғимаратты мемлекет меншігіне қайтарсақ жөн болар еді. Бәлкім кейін осы ғимаратты жастар театры ретінде ашудың да реті түсер ме еді сонда. Бірақ эстетикалық орталыққа айналдырамыз деп отырғандардың ойында да қисын бар шығар, тек, бұл істің артын бағайық. Әзірге «шалажансар» шаруа құсап тұрғаны бізге…

 

Advertisements