Өткенде ғой, енді өлең жазбаймын деп серт бергенмін, содан блогыма бірнәрсе өргізбесем болмайтын болды. Мақала жазам деп қақала қойғанша, орайы келгенде оңтайын тауып, «былдыр-шумақтарды» жаза қойдым. Ләппәй, тақсыр, деп әміріңізге құлдық ұра қоймасам да, ниеттеріңізді, шындарыңыз бен сындарыңызды естимін ғой деген «арам оймен» осы өлеңді блогка былш еткізе салдым. Оқиы отырыңыз…

Кешірме, кешір

1.

Кесірге құмарлау жаным,

Кешірші мені, қоғам.

Пысқырмай жүріп-ақ заңын,

Қарыздау боп қалдым саған.

 

Шаршатқан тіршілік Тілі,

Ызыңдап миымды жеген.

Заманның бықсыған КҮЛІ,

Ақыңды алып ал менен.

 

Ақыңды алып ал менен,

Ақысыз бәрі де бекер.

Тіршілік шаршадым сенен,

Мазамды алмашы, жетер.

 

Ойыным осылып бүгін,

Жолынан адастым жырдың.

Тауысып түндердің түбін.

Кектеніп, тағы да күлдім…

 

2.

Тұманды тілектің ТҰСЫ,

Күмәнді ойлардың МАҢЫ.

Кектенсе жиектің СҰСЫ,

Қиылар комета ЖАНЫ.

 

Серігі кәдімгі жердің,

Ұясын аспанға салған.

Мен оны тағы да көрдім,

Сен оны көрерсің ЖАЛҒАН!

 

Кешірші, сен оны қоғам,

Кетсе де КӨК ҚАҒАЗ АҚЫҢ.

Мекенін тапқан соң соғам…

Нептун мен Плутонға жақын.

 

Табасың сен оны білем,

Құс жолын бетке алып ұшсаң.

…қазақтың рухы кілең,

…самғаған тұстан…

 

Есірме, сен оған қоғам,

Есесін қайтарар елдің.

Аңдадым тағы да одан,

Қайратын қауқарлы ердің.

 

Үмітін үсіткен түнге,

Жүрегі жалтақтау, ЖЕСІР.

Сен оны табалап, күлме,

Сен ОНЫ кешірме… КЕШІР!!!

Advertisements