Көкірегімде  күйі ойнап күдіктің,

Қарқылдаймын қарға құсап мен неге?

Жымиюды һәм күлуді ұмыттым,

Күлдірме де, бүлдірме де, емдеме…

Қарқылдаймын қарға құсап мен неге?

Адамдығым ар астында тапталып.

Түсініксіз менің жайым пендеге,

Жарытпаспын мен де оларға ақталып.

Жарытпаспын мен де оларға ақталып,

Жалқы себеп: Дүнияға бөтенмін.

Бес күндіктің табанында тапталып,

Марғау тірлік күнәсін де – көтердім.

Марғау тірлік күнәсін де көтердім,

Кінәлі боп кетпеу үшін ғайыпқа.

Сөйте тұра періште емес екенмін,

Бұйырмаңыз айыпқа…

Бұйырмаңыз айыпқа…

Артық айтсам жазаласын жүрегім.

Періште боп аттануды ғайыпқа,

Өзіме емес, өзгерлерге тіледім…

Табиғат АБАИЛДАЕВ, 10.02.2011 жыл.

Advertisements