«Қорғансыздың күні»

 

Шіліңгір шілде күнтізбелік орнын босатып, сарша тамыз да меридианынан ауа бере мұғалім деген мейірбан жаннан маза кетеді. Тамыз кеңесі дейді, түрлі акция дейді, сол акцияға емдеуші, «тойыс» демеуші керек-мыс. Әйтеуір, тапқан нәпақасын жандаралдардан «амиссия» алу үшін комиссияның қалтасына тықпалайтын да, кабинеттегі тазалықтары үшін СЭС-тен сескеніп, олардың мықтылығын ескеріп, тырбаңдайтын да мұғалім. Қысқасы, әңгіменің нақты нұсқасы – мұғалім деген мазасыз жанның кешкен күні – қорғансыздың күні. Мұны қойыңыз, енді…

 

«Мектепке жол» – кімдерге қол?

 

Тамыз айы – мұғалімдер үшін «тамаша сюрприздерге» толы ай. Ай аунап, һәм күн жылжи бере түрлі акциялар мен  іс-шаралар лықа толы «шөлмектің» тығыны тақ атылып, тағы да сол мұғалім бейбақты бақаша бақылдатады. Иә, бұл айда басқаны «тошны» білмеймін біздің облыста «мектепке жол» деген жомарт жандарды «тонау» акциясы басталады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды «жарылқайтын» бұл акцияға мұғалім біткен демеуші іздеуі немесе қалтасынан ақша шығаруы керек. Естуімізше, қайсыбір аудандағы қайсыбір мектептердің ұстаздары екі мың теңгеден «жылу» жинапты. Әрине, осы акцияға өліп-талып ақша жинадың екен деп оларға кінә қоя алмайсың, өйткені бұл талап  жай емес, жоғарыдағы дөкейлерден келген – бұрық! Оны орындамасаң – «өлім». Енді өлім деген сөзді өзіңіз түсіне беріңіз… Мәселенки, бәрі сол үдеден шығып, мыңмен жалғыз алысқысы келетін бір «штук» ұстаз бұл заңыңызға, һәм «зәконіңізге» қарсы шығып көрсін енді… Олай етуге болмайды! Қарсы шыққаның – жұмыспен қош айтысқаның! Мұны директор деген дардай аты бар мектеп басшысы миықпен ақ түсіндіреді. Сонымен «мектепке жол» деген «мини» акция кімдерге қол?..

 

«Жетімдерді жебеңдер, бірақ жетім демеңдер»

 

Жаңа әзірде лақ еткізіп айта салдық қой, түрлі акциялар арқылы демеушілер әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын демеп жібереді деп. Айтпақшы сол білім алушылардың ішінде жетімектер де болады. Аталмыш акцияларда әке-шешесінен ерте айрылған балғындарға мектеп формасын таратып жатқандардың «Жетім балаларға қол ұшын беріп жатырмыз» деп дабырайта айтып, аудандық кәзиттерден тілші ағайындарды шақырып, оны бақырайтып тұрып басылым беттерінен көрсеткенін талай көрдік (аудандық кәзитте тілші болып та істедік қой). Дұрыс қой, бақуатты адамдар қол ұшын созсын, сол арқылы өздеріне пиар жасасын, бірақ жетімдер деген сөзді лексиконаларынан алып тастауға қандай кедергі бар екен? Бұл бірінші кезекте бай-бағланның, тақылдап тұрған мектеп директорының сөйлеу мәнерінің, мәдениетінің құлдилап кеткендігін көрсетпей ме?

Айтпақшы, қайбір күні, қайбір акцияға екені есте қалмапты әйтеуір, халықтық партия «Нұр Отанның» өкілімен ат шаптырым жердегі Байзақ ауданына бас бұрдық. Мақсат біреу – жағдайы төмен отбасыларға аудандағы бай-бағландар есеп-қисабынан жиналған қаражат көзінен сатып алынған мектеп формасын жағдайы төмен отбасылардың ұл-қыздарына табыстау. Ниеттің оң болғаны дұрыс қой, бірақ байзақтық кейбір ата-аналардың киім-кешекке деген наразылығын анық байқадық. Оларды да түсінуге болады, шыны керек ата-ана түгілі мына біздің бағжаң қаққан көзіміз әлгі формасымақты көргенде шарасынан шыға жаздады. Сапасы тым төмен матадан тігілген форманы киіп көріңіз… Аз қамтылған отбасының баласы болсаңыз да мұны киюге сіз де қымсынар ма едіңіз… Айта өтерлігі сол маңайды жүрген шекпенділердің бірі акция барысында тоғыз жүз мыңның үстінде ақша жиналғанын да айтып қалған… Біз бұл жерде беймәлім нәрсеге «намек» тастағымыз кеп тұрған жоқ, айтпағымыз, қаржыны ұқсата жұмсағанда бәрі де басқаша болар ма едіні тұспалдау…

 

Бірыңғай форма – «мода» емес ол да

 

«Дөп – дөңгелек бір нүкте,

Көше толы кіндікке.

Осы бұрын қыздарда,

Кіндік барын білдік пе?» (Авторы белгісіз шумақ).

 

Мектеп формасы жоқ та емес, бары бар ғой. Бірақ бір мектептің қыздары төмен жағы қызыл, бір мектептің қыздары қара, көк киіп жүргенін көргенде шыққыр көзіміз өзімізді тығырыққа тіреп қоятыны бар.

Шыны керек, шашына ақ бантик байлаған қызды мектеп біткеннен көре бересіз бе, қазір. Әй, қайдам… Ақиқатын айтқанда реформа жасағыш біздің министрлік бірыңғай мектеп формасы туралы біраз «дастан» айтты. Бірақ Манастың ырындай созылған бұл «поэмадан» да нәтиже шықпады.

Барды жасырып-жасқамай ашығын айтқанда осы бізге бірыңғай мектеп формасы керек пе? Әлбетте керек! Не үшін? Оқушылар арасындағы бәсекелестікті арттырмау үшін де керек! Басқаны қайдам, мен білетін Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылындағы орталық №1 мектеп лицейдің оқушылары киім киюден бәсекеге түсетінін басқа емес сол мектептің мұғалімдері жасырмай айтып жүр. Әрине, кілең «аристократтардың» ұл-қыздары білім нәрімен сусындайтын киелі шаңырақтың білім алушылары өзара неге бәсекелеспейді, бар болғасын жарысады, әйтеуір қалыспауға тиіс. Ал, мұғалім апайлардың өзі үстілеріне барын жапсырып жүргенде оқушылардың өзара бәсекелесуіне қалай қарайсыз? Біздіңше оқушыға форма, мұғалімге Құрмет деген «норма» керек сияқты. Олай болмайынша, оқушылардың бәсекелескені бәсекелескен. «Мини юбка» кигені киген. Бұған тосқауыл болу үшін біздің бастықтар «терлеуі» ләзім. Біздің шағын басшылар үлкен басшылар «оянған» кезде сілкініп жұмыс істейтіні бар ғой. Ендеше, нән басшылардың тұяқ серпер сәтін күтейік. Бәлкім олар да «оянып» қалар.

 

Біртүйер

 

Мақаламыз біржақты болып кетпесін деп облыстық білім басқармасына да қоңырау шалып едік, тұтқаны көтерген басқарма басшысының орынбасарларының бірі «бұл шаруамен менен үлкен орынбасарлар айналысады» дегендей кейіп танытты. Содан өзге орынбасарларға да қоңырау шалғанбыз, әйтеуір оларды табу мұң болды, дұрысы тұтқаны көтермей зәрезап қылды. Енді олар «айып етпесін», бәлкім мақала газет бетіне шыққан соң ол кісілердің де үн қосар кезі келер. Оны енді уақытында көрерміз.  

фото «үш қияннан» алынды

Advertisements