Асып айтпай, ашып айтсақ, «Біздің облыс таза қазақтілді өңірге жатады. Біздің барлық органдарымыз, мемлекеттік қызметшілеріміз мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Мекемелеріміздің барлығы дерлік іс-қағаздарды мемлекеттік тілде толтырады» деп көкігенде танауымыз көк тірейді. Расымен солай болса дауласып неміз бар. Олай болғаны бізге жақсы ғой. Бірақ кейде прокуратура қызметкерлеріне қарнымыз қатты ашады…

Күлтөбенің басындағы жиынға күнде бармасақ та, Тәртіптік кеңеске жиі барамыз. Аудандар мен қала, ауылдағы шенеуніктерді сыбап салатын отырыста не байқаймыз? Рас, әлгі шенеуніктердің жемқорлық сипатындағы заң бұзушылыққа жол бергенін, Ар-намыс кодексін бұзғанын, тағы бірқатар кемшілікке жол бергенін құлағымыз қақшып қалады. Сосын мінберге Тәртіптік кеңестің мүшесі шығады да ресми тілде сол кемшіліктерді тізіп сайрай жөнеледі. Пәлі, тұра тұрыңыз, Тәртіптік кеңестің өкілі түкке де кінәлі емес, неге дейсіз ғой, оған қаржы полициясы мен прокуратура қызметкерлері ұсынымдарын орыс тілінде жолдайды, сол себепті олар орысша сайрауға мәжбүр болады. Мұны бізге ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің облысымыздағы Тәртіптік кеңесінің өкілдері «ұялмай» айтады. Қайтеміз енді… Сонда мемлекеттік тілді менсінбейтін кімдер болғаны? Енді қолымызда бар фактімен тіл қатайық…

Байзақ ауданының прокуроры Н. Қарашолақ мырза ұсынымының әлқиссасын «Начальнику Управление Агентство по делам государственной службы – председателю дисциплинарного совета по Жамбылской области Сатыбалдину А. А» деп бастап, әрмен қарай сол ресми тілде шенеуніктерге мін таққан айыптауларын жалғастырып әкете береді. Тап осы мазмұнда «әңгімесін» бастап, орыс тілінен онша қате «жібермейтін» Т. Рысқұлов ауданының прокуроры С. Төлеуов, облыс прокурорының орынбасары Е. Сыбанқұлов, қала прокуроры К. Жұмағұлов мырзалардың да қазақшасы қазыққа байланып, орысшасы атойлап тұр.

Бір қызығы, экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің бастығы С. Өтембаев мырзаның қазақшасы қатынас хаттың алғашқы бетіне жетіпті де, әрі қарай таусылып қалыпты. Ұсынысты жолдаймын деген жерге дейін қазақша жазған ол (бәлкім орындаушысы) әрі қарай өздеріне оңтайлы орыс тілінен «емтихан» тапсырыпты.

Айтпақшы, осыдан біраз бұрын грамматикалық қателіктерін өздеріңіз көріп алыңыздар дегендей қылып, Т. Рысқұлов аудандық прокуратурасының жауап хатынан «Құланның келіншектері ауруханаға барудан қатты қорқады» атты мақалада үзінді келтіргеніміз естеріңізде болар. Қазақша сөйлемдерді орашолақ, шұбалаңқы етіп құраған прокуратура қызметкерлері бұл жолы С. Төлеуов мырзаны ұятқа қалдырмайық деді ме, әлде орысшалары қазақшасынан басым болды ма, ол жағын қайдам, әйтеуір, осы жолы бар өнерлерін салыпты. Бәлкім, орысшадан қате жіберуді ар көрген болар…

Міне, біздің құқығымызды қорғайды деп жүрген заң органы қызметкерлерінің мемлекеттік тілді дамыту туралы Елбасының қолдауымен қолға алынып жатқан бағдарламаға «белсене» қатысқан түрлері. Негізі, талай жиынға барып жүрміз, онда облыс прокуроры Бағбан Байымбетовтің қос тілде таза сөйлейтінін көріп те жүрміз. Қандай да бір жиын болмасын, алдымен қазақ журналистерін, қазақ тілін сыйлағандықтан Бағбан мырза жиынды қазақ тілінде бастап, басқосудың мән-мәнісін қазақ тілінде түсіндіріп береді. Бірақ, мәселе мұнымен шектелмейді ғой, мақала барысынан байқап отырсаңыз, облыс прокурорының орынбасарынан бастап, аудан прокурорлары да мемлекеттік тілді менсінбейтін кейіп танытса, қазақ тілінің обалы кімге дейміз бейбақтың күйін кешіп… Мәселе мемлекеттік тілде сөйлеп қана қоюдан емес, із-қағаздарды толтырудан да бастау алады. Ал біз, жыл қорытындылағанда танауымызды керіп тұрып, «біздің облыста із-қағаздар 98 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіледі» дейміз. Кім біледі, солай да шығар. Бәлкім, әлгі екі пайыз осы прокурор, қаржы полициясы өкілдерінің еншісінде болуы кәдік…

 

P.S.  Әсілінде, ұлттың тілі – оның ұстыны, жан дүниесі, бары, бәрі. Ғасырлар бойы бабадан мирас болып қалған тілімізді «тірілтіп» алу үшін Елбасының өзі күш салып, «2017 жылға қарай еліміздегі азаматтардың 85 пайызы, 2020 жылы 95 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейді» деп мәлімдеді. Сонда деймін, Елбасы қадап айтқанына қарамастан, орган қызметкерлері ресми тілді жандарына серік етіп, қазақ тіліне қағажу көрсете бере ме? Кім біледі, заңды еркін меңгергендер ерінбесе, Елбасы айтқандай, 95 пайыз емес, 100 пайызға да жетерміз. Солай болса ғой…    

 

Сурет интернеттен алынды

Advertisements