Карольдік спорттың түрінен саналатын «Формула – 1»-дің де кезекті маусымы меридианынан ауды. Кезінде Айртон Сенна секілді саңлақ пилоттың даңқын арттырған бұл спортта 1990 жылдардан бастап әйгілі неміс Михаэль Шумахер атой салды. Бұдан өзге талай таланттар тасыған маусымдар болды. Оларды қоя тұрып, біз биылғы маусым туралы сөз қозғайық.

 

Биыл «Ред Булл» командасының нөмірі бірінші пилоты Себастьян Феттель ешкімді шаңына ілестірер емес. «Бұқалардың» сапында жасындай жарқылдап жүрген әйгілі неміс пилоты туралы кезінде мамандар: «Ендігі Шумахер осы жігіт» деп еді сол сөздің жаны бар секілді. Дәл биыл Феттельді тоқтататын ешкім болмай тұр.  Өткен жылғы әлем чемпионы 23 жасар неміс жігіті ағымдағы жылы өткен 15 уик-эндте поул позишннен бөлек, гонкалардың тоғызында қарсыластарын маңына жуытпай бірінші орынды алды.

Шыны керек, өздерін «қызыл барон» атап кеткен даңқты «Феррари» командасы да дәл бүгін «Ред Буллдың» пилоттарына қарсы келетін жағдайда емес сияқты. Бұның нақты айғағы ретінде Бельгия гран-приінде Феттель мен Уеббердің мәре сызығын қатарласа кесуін атап айтуға болады. Рас «Формула – 1» пилоттардың ғана емес, инженер-механиктердің де тактикалық тартысы арқылы өрбиді. Атап айтсақ, қатты типтегі, жұмсақ типтегі доңғалақты пит-стоп кезінде лайықты қолдана білу, пилоттың сол доңғалағының қай мезгілде түгі қалмай желінгенін айқын сезіну – мұның бәрі команданың инженерлерінің мойнына артылар жүк. Осы тұрғыдан алғанда да «бұқалардың» асығы алшыдан түсіп тұр.

Феттельге қайта оралайық, оны мана талант деп айтып алдық қой. Шынында да ол өте талантты спортшы. Жылдамдықты 180 километр қашықтыққа дейін азайтып, бірден қатты тежегішті басатын жерлерде оның мықтылығы анық сезіледі. Алдымен Монако трассасында болсын, басқа трассада болсын, ол жолды айқын сезініп, тура тығырыққа тірелер кезде ғана тежегішті тарс басады. Айталық, осы тұрғыда екі дүркін әлем чемпионы Ф. Алонсо да, чемпиондар: Д Баттон мен Л. Хемильтон да Феттельден кемшін түседі. Яғни, элиталы команда да өнер көрсетсе де олар Феттельді мойындайды. Өйткені ол айналымдарды айтпағанда сол айналымдағы секторлардың өзінде бірнеше жүздеген секунд қарсыластарын қапы қалдырады. Ал, бір айналымда мықты деген Алонсо мен Хемильтонды екі-үш секундқа дейін шаңға орап кеткенін де көзіміз көрді. Сонымен…

Биыл чемпиондық титулды Себа күні бұрын иеленіп қойды. Сингапурдағы уйк-ендтен кейін қарсыластарына тал қарматқан Феттель екінші сатыда келе жатқан Баттоннан 124 ұпай озып кетті.  Әрине алда 5 уйк-энд бар. Бірақ осы уақытқа дейінгі додаларда Феттельдің бір ғана мәрте үштікке іліне алмай қалғанын ескерсек және оның 15 гонкадан 9 мәрте топ жарғанын бағамдасақ, сосын чемпиондықты ертерек иелену үшін бір ғана ұпай керек екенін ескерсек, енді Феттельді чемпион емес деп көріңіз! Жарайсың, Феттель!

Жуырда баспасөз мәслихатында Феттельдің мықтылығын қазірдің өзінде мойындап қойған Ф. Алонсо: «Себастьян ұлы пилот.Ол – Бүгінгі Шумахер. Ұлы спортшылардың бәрі «феррари» сапында өнер көрсетуі тиіс. Меніңше Феттель де алдағы жылдары «қызыл баронның» сапында өнер көрсетуге лайық. Солай болуы шарт» деп қалды. Расында қазір Ф. Массаның «қолы жүрмей» тұр. Демек, келісім шарт дұрыс жасалып жатса, келесі маусымда Феттельді «Феррари» сапынан көріп қалуымыз мүмкін. Бірақ бүгінгі таңда ішкі құрылымы жағынан «Ред Буллдан» осал түсіп тұрған командада өнер көрсете қою жас саңлаққа тиімде ме? Ол жағын енді Себаның өзі шешер.

Advertisements