Күрең күздің алғашқы айы қыркүйек те бел ортасынан ауғанда газетімізде «Біздің прокурорлар орыс тіліне «өлердей ғашық» деген тақырыпта мақала жазып, заң саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандардың іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізбейтіндігін нақты дәйекпен айтып, базынамызды тасқа басқан болатынбыз (блокқа да ілгенмін).

Әлбетте, мақаланың басым бөлігінде прокуратура саласының қызметкерлерінің мінін сын тезіне алып, әредік қаржы полициясының да «қылықтарына» «қырғидай» тимесек те, кемшін тұстарын көмей бүлкілінен өткізгенбіз. Осыған орай, қаржы полициясынан жауап хат келіпті. Мақаламызға мінәйі пікір білдіріп, кемшілікті түзеудің орнына біздің жазғанымызды теріске шығаруымызды талап еткен хаттың мазмұны былай басталады екен. «Құрметті Оралхан Әбдірашұлы! 15.09. 2011 жылы, сіз басқаратын «Ар-Ай» жастар газетінде тілші Табиғат Абаилдаевтың «Біздің прокурорлар мемлекеттік тілді менсінбей ме?» атты мақаласы жарияланды. Мақаланың үшінші абзацында автор, экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы С. Өтембаев мырзаның қазақшасы қатынас хаттың алғашқы бетіне жетіпті де, әрі қарай таусылып қалыпты. Ұсынысты жолдаймын деген жерге дейін қазақша жазған ол (бәлкім орындаушысы) әрі қарай өздеріне оңтайлы орыс тілінен «емтихан» тапсырыпты,-деп көрсеткен. Тілшінің мақаладағы уәждерімен келесі себептермен келіспейміз,17.05.2011 жылы департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ашу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы қаржы полициясы подполковнигі А. Жахитпен Тараз қаласының №43 мектебінің бұрынғы директоры Г. Бердимбетоваға қатысты тексеру жүргізілген. Тексеру барысында, Г. Бердимбетова орыс тілін жақсы меңгеруіне байланысты, өз құқығын толық қорғап, тексеру материалдары құжаттарының мағынасын жақсы түсініп, департамент қызметкерінің іс-әрекеттеріне келіспеген жағдайда өзінің уәждерін дәлелдеу үшін, түсініктемені орыс тілінде беріп және тексеруді орыс тілінде жүргізу туралы арыз берген. Қазақстан Республикасы конституциясының 19 бабына сәйкес, әркімнің қарым-қатынас тілін еркін таңдап алуға құқығы бар, осыған байланысты, азаматша Г. Бердимбетованың конституциялық құқықтарына қысым жасауға жол бермеу мақсатында, тексеру орыс тілінде жүргізіліп, мақалада көрсетілген ұсыныс орыс тілінде жазылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы конституциясының 7 бабы, 2 тармағында, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады,-деп көрсетілген». Иә жауап хаттың мазмұны мұнымен түгесілмейді. Қаржы полициясының ұршығын ұстап, жібін иіргендердің қар жауған қабағын бақсақ, біз жазған мақаламызды ресми түрде теріске шығаруымыз керек екен, Пәлі. Құрметті Өтембаев мырза, газет – газет болғалы бері шындықтың жүзінен тайсақтап, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүрмеуі керек. Енді сіз басқаратын басқарманың әуселесін аңдасақ, біз өтірік жазғанға ұқсаймыз. Кешіріңіз, ұсынымдарыңыздың алғашқы беті қазақ тілінде жазылғаны рас па, рас! Сосын, біз Бердімбетованың жеке құқығын таптай алмаймыз, алайда, мәселе мұнымен шектелмейді (құжат бойынша фамилиясы Бердимбетова шығар, ал біз таза ұлт тілінде кете береміз әрі қарай). Біле білсеңіз, Тәртіптік кеңестің отырысына біз бірінші рет қатысып отырған жоқпыз, мұнымен қоса, кілең қазақ тілді БАҚ өкілдері жиналған жиында ресми тілде сөйлесін өкіліңіз, алайда, облыс әкімінен бастап, алдымен мемлекеттің тілге мойынсұнып жатқанда сіздің қызметкерлеріңіз (әдейі көпше түрде алдық, өйткені тәртіптік кеңеске талай қатыстық дегенді айттық қой) бір ауыз орысшасын қазақшалауға жарамай қалғаны ма? Әлді біздікі тағы да дұрыс емес пе? Сосын, бізге жіберген қарымта хаттарыңызда көрсетілген тыныс белгіден кеткен қателерге мойын созбай-ақ қоялық, (сіздерге түсінікті болуы үшін пунктуациялық қателерге үңілмей-ақ қоялық) алайда абзац деген қасаң сөзді жиі қайталапсыз енді соның қазақшасын айтайық. Білсеңіз бірер жылдан бері «абзац» сөзі азат жол деген баламаға ауысқан. Мұны да ескере жүріңіз. Енді, Елбасы қолдап, еліміздегі ұлттық арнамыз «Қазақстан» телеарнасы бірыңғай қазақ тіліне ың-шыңсыз көшкенде ақ түйенің қарны жарылғандай қуандық. Дұрыс қой, Қазақияда бір телеарна мемлекеттік тілде хабар таратсын деп. Енді міне, қазақ тілді өңірде іс қағаздар мемлекеттік тілде жүргізілсе деген ниетпен заң органдарының олқылығын бір саралап өтіп едік, басшылықтарына «ұнамай» қалған сияқтымыз. Қалай болған күнде де біз мұнша бұрқан-талқан болмас едік, егер қаржы полициясының тізгінін ұстағандар «теріске шығаруымызды» өтінбегенде… Біз бір нәрсені анық білеміз, жетінші бап, екінші тармақтың әуселесі біраз «жыр болды». Ресми тілдің көсегесін көгерткісі келетіндер үшін аталмыш бап пен тармақ ауадай қажет болар. Алайда, ұлттың тілін сыйлап-құрметтеуге жетінші бап та, екінші тармақ та тұсау бола алмаса керек-ті. Біз тағы да жаздық, сіз не дейсіз, оқырман?

Advertisements